Жазушы Сәбит Мұқанов делегациямен шетелде сапарлап, қала аралап жүреді. Задында өмір құбылыстарын көруге, білуге жаны құмар жазушы алаңдарлық жай көп-ақ. Айналаңның бәрі тосын, тосынның бәрі таңсық.
Айналаға қарап, жан-жағына алаңдап келе жатқан жазушы кенет сапарластарынан қалып қойғанын бір-ақ білді. Жазушы қаупалақтады да қалды. Әрі-бері жүгіргіштеді. Сапарластары қара үзіп кетіпті. Зым-зия. Анда-мында барғыштады. Отандастарының бірде-бірін кездестіре алмады. Түйедей қылып тастап кеткеніне қапаланды. Бірақ олар тастап кетті ме, әлде өзі қалып қойды ма? Әй, осы шетел сапары-ай, аз уақытқа келесің де, жын қуғандай жүгіріп жүргенің...
Қаупалақтаған Сәбит «Қазақ», «Қазақ» деп үн қатсын айналасына. Ешкім назар аудармайды, назар аударғаны қазақ жазушысының не деп тұрғанын түсінбейді. Шетелде бүкіл кеңес одағын «Ресей» дейді де қояды.
Кенет Сәбит Мұқановтың есіне есімі шетелде дүрілдеп шығып тұрған ақын Жәкесі түсіп кетті. «Бір білсе, соның есімін білер бұлар!». Жалма-жан жазушы: «Жамбыл, Жамбыл. Мен – Жамбыл», деп айқай салсын.
Анадайдан біреу бұрылып келіп, «Россия, Россия», деді.
Мынау жуан сары адамның кеңес одағы азаматы екенін біліп, елшілікке әкеліп салыпты. Кезінде қазақ атына жүрген қайран Жәкең...
Құлбек ЕРГӨБЕК,
әдебиет сыншысы