Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының спикері Чо Чжон Шик Қазақстанды елінің Орталық Азиядағы ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі деп атады. Бұл туралы ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Чо Чжон Шик екі елдің энергетика, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ықпалдастығын арттырудың маңызы зор екендігін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Оңтүстік Корея соңғы жылдары түрлі салалардағы өзара іс-қимылды дәйекті түрде кеңейтіп келеді.
«Сіздің осы сапарыңыз аясында екі елдің қарым-қатынасы болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне қуаныштымын», — деді спикер.
Тоқаев өз кезегінде бір күн бұрын Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мёнмен келіссөздер барысында кіжақты ықпалдастығымызды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткізілгенін хабарлады.
Мемлекет басшысы сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстар туралы айтты. Қазақстанда корей капиталының қатысуымен мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді, бірқатар салада бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Тараптар парламентаралық ынтымақтастыққа ерекше назар аударды.
«Жалпы, соңғы жылдары парламентаралық диалог айтарлықтай тереңдей түсті. Қазақстан Парламенті мен Корея Республикасының Ұлттық Ассамблеясы арасындағы байланыстар тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Осындай байланыстарды Құрылтай депутаттары белсенді түрде дамыта бермек», — деді Тоқаев.
Президент сондай-ақ Қазақстандағы саяси реформалар, соның ішінде бір палаталы Құрылтайға көшу, вице-президент лауазымын енгізу, Қауіпсіздік кеңесі аппаратын құру және Халық кеңесінің жұмысын бастауы туралы айтты.
Тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туризмді дамыту мәселелерін талқылады. Тоқаев Қазақстанда корё-сарам этностық корей қауымдастығының 120 мыңға жуық өкілі тұратынын атап өтті.
«Өздеріңізге елгілі, келесі жылы корей халқының Қазақстанға қоныс аударғанына 90 жыл толады. Бұл — тарихи уақиға. Екі мемлекет бірлесіп, осы айтулы межені жоғары деңгейде атап өтуіміз керек», — деді президент.
Чо Чжон Шик сондай-ақ 2027 жылдың көктемінде Қазақстанда Корея Республикасы мен Орталық Азия елдері парламенттері төрағаларының төртінші кездесуі өтетінін хабарлады. Ол форумға қатысуды жоспарлап отырғанын айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Корея Республикасы екіжақты қатынастардың барлық бағыты бойынша ықпалдастықты нығайта түсетініне сенім білдірді.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін Қазақстан президенті «Орталық Азия — Корея Республикасы» бірінші саммитінің жұмысына қатысады.
