What are you looking for?

Бір жарым айда 100-ден астам жағдай: қазақстандықтарға инвестиция атын жамылған алаяқтық туралы ескертілді

16.09.2026

Соңғы бір жарым айда Қазақстанда қаскөйлер тиімді инвестициялау сылтауымен әртүрлі жоқ жобаларға салым жасауға уәде берген алаяқтықтың 119 дерегі тіркелді, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметінен.

Алаяқтар жәбірленушілерді тарту үшін қылмыскерлер кең таралған әлеуметтік желілерді, оның ішінде TikTok, Instagram, YouTube және басқа да интернет-платформаларды пайдаланады. Аталған платформаларда олар танымал адамдардың дипфейк-бейнелерін және аса жоғары пассивті табыс алуға уәде беретін жалған жасанды интеллект (ЖИ) платформаларын жасайды.

Бас прокуратура мысал ретінде Михаил Ломтадземен Kaspi AI, Илон Маскпен Quantum AI, Павел Дуровпен TON, сондай-ақ "Хабар24", "КТК" немесе "Бірінші арна" телеарналарының танымал жаңалық жүргізушілерімен бірге "ҚазМұнайГазға" немесе "Газпромға" халықтық инвестиция салуды ұсынатын жалған жарнамаларды келтірді.

Алаяқтардың құрбандарының бірі Талдықорған тұрғыны болған. Арызданушы қыркүйек айында Instagram әлеуметтік желісін қарап отырып, трейдинг (акцияларды сатып алу және сату) арқылы аса жоғары пайда табуды ұсынған жарнаманы көрген. Сілтемеге өтіп, жәбірленуші өзінің жеке және байланыс деректерін көрсете отырып, өтінім қалдырған.

Кейін жәбірленушімен қаскөйлер байланысқа шыққан. Олардың нұсқауларын орындаған ол үшінші тұлғалардың шоттарына 7 млн теңгеден астам ақша аударған.

Бұл ретте ол аударған ақшалай қаражат және болжамды дивидендтер жалған әмиянда көрсетілген, алайда алаяқтар олардың қолма-қол ақшаға айналдыру мүмкіндігін бермеген.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Бас прокуратура кепілдендірілген жоғары табыс туралы уәделерге сенбеуге, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және компаниялар мен инвестициялық жобалар туралы ақпаратты мұқият тексеруге шақырды. Сондай-ақ, бөгде адамдарға банк карталарының деректері мен SMS арқылы келетін кодтарды беруге болмайтынын ескертті.

Бұған дейін де қазақстандықтарға "тәуекелсіз инвестиция" ұсынатын алаяқтық схемалар туралы ескертілген болатын.

Social Link

Follow Me On Social Media