Маңғыстауда ысталған балықтан уланған отбасы мүшесінің жағдайы ауыр. Дәрігерлердің айтуынша, бала ауруханаға инфекциялық-токсикалық шокпен жеткізілген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазір ол жансақтау бөлімінде, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Пациентке ботулизмге қарсы сарысу енгізіліп, қажетті ем-дом жүргізіліп жатыр. Мамандардың айтуынша, күн сайын консилиум өтіп, республикадағы өзге мамандармен телеконференциялар ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар реаниматолог, инфекционист және невропатолог мамандарын Астанадан шақыртыпты. Бұл жағдай облыс басшысының тікелей қадағалауында.
"Бала ботулизмнің ауыр дәрежесімен, инфекциялық-токсикалық шок жағдайында келіп түсті. Санасы болмады, рефлекс жоқ. Шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Қазіргі таңда бала барлық қажетті емді алып жатыр", – деді Маңғыстау облыстық Көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары Әлия Ишимова.
Оқиғаға қатысты облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай пікір білдірді.
"Дәрігерлер қолдан келгеннің барлығын жасап жатыр. Астанамен онлайн консультация жүргіздік.. Ата-аналардың өтініші, Астанадан аяқтай келіп, дәрігерлер қарасын деген мәселені көтерді, қазір жақын арада рейспен инфекционист пен реаниматолог Ақтауға ұшып келеді", – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Айтолқын Адырбай



