Алматыдан Астанаға ұшар алдында ерекше оқиға орын алды: жолаушы ұшақтан түсіп қалып, кейін полиция бөліміне жеткізілді. Ер адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Оқиға 25 қыркүйекте Алматы әуежайында болды. "Алматы — Астана" рейсіне отырғызу кезінде жолаушылардың бірі күтпеген жерден әуе кемесінен түсіп кеткен. Көлік полицейлері оны ұстап, мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне жеткізді.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп бұзған азамат – Астананың 35 жастағы тұрғыны.
"Жолаушы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бірнеше бабы бойынша, атап айтқанда, 434-баптың 1-бөлігі, 440-баптың 1-бөлігі, 441-баптың 1-бөлігі, 566-баптың 1-бөлігі және 564-баптың 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды", — делінген хабарламада.
Атап айтқанда, бұл қоғамдық орындарда мас күйінде жүру, ұшу қауіпсіздігі ережелерін бұзу және ұсақ бұзақылыққа қатысты.
Kozachkov offside Telegram-арнасы ұшаққа мінген жолаушы дәл ұшар алдында ұшақтан түсіп кеткен олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусінов болуы мүмкін екенін хабарлады. Жарияланымда ер адам ұшақ әуеге көтерілер алдында ұшудан бас тартқаны айтылған.
Көліктегі полиция департаменті жолаушының аты-жөнін нақтылаған жоқ.
"Көліктегі полиция департаменті заң бәріне ортақ екенін және заңнама талаптары қызметіне, мәртебесіне және әлеуметтік жағдайына қарамастан әрбір азаматқа қатысты екенін еске салады.
Азаматтарды жоғары құқықтық мәдениет танытуға, басқа жолаушылардың құқығын құрметтеуге және көлік нысандарында қауіпсіз ортаны қалыптастыруда құқық қорғау органдарына жәрдемдесуге шақырамыз", — деп қосты полиция.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Айтолқын Адырбай



