ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫБіз туралы ↗
Қымыз Ақпарат.
Ақпарат. Көзқарас. Шындық.
Бөлімдер
Шындық

Семейде мыңдаған қызметкер мен жүздеген баланың жеке деректері желіде жарияланған

Семейде мыңдаған қызметкер мен жүздеген баланың жеке деректері желіде жарияланған

Семейдегі 31 мектептің сайттарында мыңдаған қызметкер мен жүздеген оқушының ЖСН-і, мекенжайы мен телефон нөмірлері жарияланып кеткен, деп хабарлайды Абай облысы прокуратурасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Семей қаласының прокуратурасы бірден 31 білім беру ұйымында дербес деректер туралы заңнаманың бұзылғанын анықтады.

Қадағалау органының мәліметінше, мектептердің ресми сайттарында қызметкерлер мен оқушылардың жеке деректері бар құжаттар ашық жарияланған.

"Атап айтқанда, 3 752 қызметкердің аты-жөні, ЖСН-і, туған күні, тұрғылықты мекенжайы мен байланыс телефондары, сондай-ақ 344 кәмелетке толмаған бала туралы мәліметтер жарияланған. Мұндай ақпараттың жариялануы жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу және оларды заңсыз пайдалану қаупін тудырды", — делінген хабарламада.

Қадағалау актісі бойынша заңсыз жарияланған мәліметтер сайттардан алынып тасталып, кінәлі тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылғаны атап өтілді.

"Прокуратура дербес деректер туралы заңнама талаптарын, әсіресе интернет желісінде ақпарат жариялау кезінде оларды қорғауды қатаң сақтау қажеттігін еске салады", — деп баса айтты қадағалау органы.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Дереккөз: Nur.kz · Айтолқын Адырбай