Оңтүстік Корея астанасы Сеулдегі құрылыс нысандарының бірінде Қазақстан азаматы қайтыс болды. Бұл ақпаратты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Yonhap агенттігінің мәліметінше, сейсенбі күні Сеулдің оңтүстігіндегі көпқабатты үйдің құрылыс алаңында бетон төбенің бір бөлігі опырылып түсіп, салдарынан қазақстандық жұмысшы қаза тапқан.
Оңтүстік Корея Еңбек министрлігінің дерегіне сәйкес, 30 жас шамасындағы ер адам ғимараттың 23-қабатындағы пәтерлердің бірінде тазалық жұмыстарының басталуын күтіп тұрған кезде бетон төбенің бір бөлігі оның үстіне құлаған.
Агенттік елдің Еңбек министрлігі нысандағы жұмыстарды дереу тоқтатып, полиция және құрылыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету органдарымен бірлесіп оқиғаны тергеуге кіріскенін хабарлады.
Оңтүстік Корея полициясы мен Еңбек министрлігі апаттың себептерін анықтап, құрылыс салушылардың еңбек қауіпсіздігі туралы заңды бұзған-бұзбағанын тексермек.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі NUR.KZ тілшісіне Қазақстан азаматының қаза тапқанын растады.
"Сыртқы істер министрлігі Сеулдегі құрылыс алаңында болған жазатайым оқиға салдарынан Қазақстан Республикасы азаматының қаза тапқанын растайды.
Корея Республикасының құзырлы органдары оқиғаға қатысты тергеуді бастады. Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр", — делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Гүлмира Ерубаева



