Астанада сот тұрғын үй қасбетінің құлауы салдарынан қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның ісін басқа қылмыстық іспен біріктіру үшін прокурорға жолдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Айта кетейік, бүгінгі сот отырысында марқұмның анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков істі прокурорға қайтарып, оны басқа қылмыстық іспен біріктіру туралы өтінішхат түсірді. Бұған тергеу сотының жәбірленуші Нұрпейісова мен Қалиевтердің тұрғын үй кешенінің құрылысшысы мен өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға берген шағымын қанағаттандыруы негіз болды.
Нәтижесінде судья Сәуле Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық істі басқа қылмыстық іспен біріктіру мәселесін шешу үшін прокурорға жолдау туралы шешім қабылдады. Судья сотталушы Жұбаниязоваға қатысты бұлтартпау шарасы – ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхатты өзгеріссіз қалдыру қажеттігін айтты.
"Бұған Астана қаласының ауданаралық тергеу сотының 2026 жылғы 1 қазандағы қаулысы негіз болды, онымен үй құрылысына қатысы бар тұлғаларға қатысты бұрын тоқтатылған қылмыстық іс қайта жаңғыртылды.
Сот сонымен қатар құрылыс-техникалық сараптамадағы үй қасбетінің құлау себебі конструктивтік ақаулар мен құрылыс технологиясының бұзылуының жиынтығы болуы мүмкін деген қорытындысын ескерді.
Бұл істі тек МИБ төрағасы Жұбаниязованың әрекетін бағалау арқылы қарауға болмайды. Құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысы қасбеттің құлауының ықтимал себептерінің жиынтығын, соның ішінде конструктивтік кемшіліктер мен құрылыс технологиясының бұзылуын көрсетеді", — деп түсіндірді судья.
Ол осыған байланысты төтенше жағдайдың туындауына қатысы бар барлық тұлғаның әрекетіне тиісті құқықтық баға берілуге тиіс екенін атап өтті.
Осылайша сот үйдің қасбетінің құлау мән-жайларын барлық қатысы бар тұлғалардың әрекетін анықтап, құқықтық баға бере отырып, кешенді түрде тергеу қажет деген қорытындыға келді. Сот істі тек Сәуле Жұбаниязоваға қатысты бөлек қарауды әлі ерте деп тапты.
"Бұл қаулымен Жұбаниязованың немесе өзге де тұлғалардың кінәлілік мәселесі шешілген жоқ. Іс өндірістерді біріктіру және қайғылы оқиғаның мән-жайын толық тергеу үшін прокурорға жолданды. Сот қаулысына процеске қатысушылар заңда белгіленген мерзімде шағымдана алады", — деп түйіндеді сөзін Меруерт Абаева.
Айта кетейік, бүгін сотталушы Сәуле Жұбаниязова соңғы сөзін айтуға тиіс еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Эльмира Асқарқызы



