Бірнеше қазақстандық жігіт Ресейге жұмыс істеуге барып, соғыстан бір-ақ шыққанын хабарлады. Олардың ең үлкеніні жасы 27-де болса, ең кішісі небәрі 20-да екен. Аталған жайтқа СІМ пікір білдірді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
"Бізді соғысқа аттандыруға үш-ақ күн қалды. Қасымызда бірге келген 15 шақты адам болған, қазір 10 шақтысы қалды. Күнде еркінен тыс соғысқа алып кетіп жатыр. Біз алданып қалдық, өз еркімізбен қол қойған жоқпыз", — дейді жігіттердің бірі Қайсар Алмас.
Ресейге жұмыс істеуге барып, еліне қайта алмай қалғандардың бірі — Бекасыл Жүрербек.
Шымкенттік жігіт құс фабрикасында еңбек етемін деп, наурызда шекара асыпты. Оның анасы алғашында бәрі дұрыс болғандай көрінген дейді. Дегенмен арада екі айға жуық уақыт өткен соң, кенжесімен байланыс түбегейлі үзілген. Кейін ұлының соғыста жүргенін біліпті.
"Осыдан үш-күн төрт күн бұрын телефоныма: «Мама, мен жараландым, қолыма оқ тиді, мама, мен сені жақсы көремін, сағындым сені, мама, госпитальдамын, кешірші мені, көп қан жоғалттым, тірі шығам деп ойлаған жоқпын, тірі шықтым, мама» деп жазды. Дауысы баламның дауысы", — дейді Бекасыл Жүрербектің анасы Нәзира Болысова.
Ақтөбелік Ақмарал Әбілғазина да ұлын сағынышпен күтіп жүр. Оның да тұңғышы нәпақасын Ресейден іздеп кетіпті. Айтуынша, 27 жастағы жігітті көрші елдегілер алдап, тиісті құжатқа қол қойғызған. Артынша қорқытып, соғысқа баруға мәжбүрлеген.
"Алаңдап отырмын. Уайым, күні-түні ұйқы жоқ. Тамақ та ішкен жоқпыз. Нәр татпаймыз, баламызды ойлап. "Бізді қинады, мәжбүр болдық, қол қоймасаң, сізді соттаймыз" деген", — дейді Ақылбек Телманның анасы Ақмарал Әбілғазина.
Көз жасын көл қылған аналар Астана қаласынан да табылды. "Қолымыз жіпсіз байлаулы" деген олар бар үмітіміз — билік басындағыларда дейді.
"Ол қазір жұқа киіммен жүр екен. Барлық бала қатты жөтеліп жатыр. Өкпесі қабынған. Айырылып қаламыз ба деп, шырылдап, міне, осында келдік. Өтінемін. Естіңізші, біздің балаларымызды құтқарыңызшы, міне, үш күн қалды. Олар бірінші сапқа кетеді, онда — өлімге бас тіккендер", — дейді Мирас Дашарғановтың анасы Гүлжан Дашарғанова.
Сыртқы істер министрлігі жағдай бақылауда деп сендірді. "Қазір екі елдің елшілері кездесіп жатыр" деген ведомство өкілдері, алдағы уақытта жұмыс барысы мен нәтижесі туралы хабар береміз дейді.
Дереккөз: КТК · телеарнасы Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз Источник: Nur.kz · Айтолқын Адырбай



