What are you looking for?

Қазақстанда Ұлттық киім күні атап өтіліп жатыр

18.03.2025

Бүгін Наурызнаманың ұлттық киім күні. Сәні мен салтанаты жарасқан, ою-өрнегі қабысқан тымақ, шапан, тақияны қазір жұрт той-думан ғана емес, күнделікті тұрмыста да киіп жүр. Қалыпты үрдіске айналды. Ұлттық киімді үлкендер ғана емес, қазір мектеп оқушыларына дейін жаппай киеді. Балабақшада бүлдіршіндер, көшеде бойжеткен мен бозбала киіп, сәніне сән қосып жүр.

Дефилеге шыққан мына оқушылар ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі іспетті ұлттық киім үлгілерін көрсетті. Наурыз онкүндігі қарсаңында ұйымдастырылған бұл шара – салт-дәстүр, мәдениетімізді ұлықтау.

Нұртас Жағабаев, мектеп директоры:

- Ұлттық киім, біріншіден, біздің өзімізге керек. Біз ұмытылып бара жатқан киімімізді көрсетуіміз керек және де ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасын табуы керек деген мақсатпен ұлттық киімімізді ұлықтау үшін, насихаттау үшін және оны тарату үшін.

Иә, қазір ұлттық киімге деген қызығушылық артқан. Ел жұрт сән үшін ғана емес, той-томалақ, қонаққа, тіпті көшеге шықса да киіп шығады. Ресми жиындардан да ұлттық киім нақышын байқауға болады. Балабақшадағы баладан бастап ірі компания қызметкерлеріне дейін ұлттық киім киюді әдетке айналдырды. Әсіресе мектеп оқушылары жарқырып, жайнап жүреді.

Сезім Асан, оқушы:

- Біз сыныппен әр жұма күні ұлттық киім киеміз. Маған ұлттық киім киген ұнайды. Біз осылай әдемі болып жүреміз. Маған ұлттық киімнің оюлары және түстері ұнайды.

Оқушылардың бірі мұндай образда жүру патриоттық рух беретінін де айтып қалды.

Дидар Керімбеков, оқушы:

- Өзім мектепте, сыныпта отырғанда өзімді нағыз қазақ сезінемін.

Иә, ұлттық киім кию, ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді тану баланың эстетикалық танымын кеңейтетіні сөзсіз. Сондықтан мектеп ұжымдары қазір ұлттық киім киюді тек мереке сайынғы науқан емес, күнделікті салтқа айналдырып келеді.

Нұртас Жағабаев, мектеп директоры:

- Осы Наурызнама акциясы аясында қазіргі күні 18 наурыз Ұлттық киім күні деп белгіленді. Бірақ біз мектепте қыркүйектен бастап әр аптаның жұмасы күні ұлттық киім кию күнін енгізіп отырмыз. Ол бірінші болса, екінші осы наурыздың бірінен бастап мектепте бір ай бойы осы ұлттық киім киюді жоспарға қойып, бәріміз ұлттық киім киіп жүрміз қазір.

Ұлттық киімнің маңызы мен қажеттілігі кешегі Ұлттық құрылтайда да сөз болды. Мемлекет басшысы ұлттық киім кию қалыпты көрініске айналып келе жатқандығына ризашылық білдіріп, ұлттық болмысымызды сақтау жолында оның жан-жақты дәріптелуі керектігін айтты.

Авторлары: Мөлдір Молдағали, Өрден Жарқын

Social Link

Follow Me On Social Media