Алматыда Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық киім күніне орайластырылған Nauryz Fashion Day сән көрсетілімі өтті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шараның басты ерекшелігі сол — подиумда тек модельдер емес, ұлттық киім немесе этностильдегі киім киген кез келген көрермен жүріп өте алды.
Көрсетілім барысында бірнеше жарқын дефиле ұйымдастырылды. Сән көрсетіліміне әлемді тәнті еткен Қазақ әжелері, Мисс Қазақстан байқауының жеңімпаздары мен финалистері, мәдениет саласының өкілдері6 театр артистері, сондай-ақ, іс-шараға келген көрермендер қатысты. Олардың арасында тақия киген балалар, заманауи стильдегі шапан жамылған жігіттер, ұлттық нақыштағы әшекейлер таққан қыздар мен камзол киген арулар да бар.
Дефилеге қатысқан зейнеттегі судья, "Үш би" белгісінің иегері Гүлсім Таңатова әсерін бөлісті.
"65 жастамын, төрт немерем бар. Балаларым ержеткен, әрдайым мені қолдайды, әр шыққан сәтімді, әр суретімді, әр видеомды асыға күтеді. Бұл маған үлкен шабыт береді. Мен 35 жыл судья болып жұмыс істедім. Қатаң тәртіп, нақты ережелер, ұстамды стиль, менің өмірім осындай болатын. Ал қазір бәрі өзгерді. Жұмсақ, мейірімді, нәзік болуды үйрендім. Өмірден ләззат алып, әдемі киінуге мүмкіндік бердім. Баршаңызды Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Әр күніміз мағынаға толы мереке болсын. Еліміз гүлдене берсін!" – деді Гүлсім Таңатова.
Көрсетілімге қатысқан әжелер арасында қаржы саласының маманы, "Білім беру үздігі" медалінің иегері Дария Әбсеметова, 30 жылдық тәжірибесі бар педагог, Франциядағы авторлық жобалардың лауреаты Нұрбану Сайфилмәлікова, инженер-құрылысшы, кәсіпкер Лиза Жұмағалиева, жеке қаржы ұйымының директоры Айгүл Нұрпейісова болды.
Сонымен қатар, филолог, радиодиктор, кәсіпкер Манат Шімпейісова, қаржы директоры Роза Әбдімәдиева, инженер-экономист Баян Батырханова, массажист Қарлығаш Қалмаханқызы да қатысты. Іс-шарада қырғыз ақыны, жазушы, аудармашы Шайзада Қабышева, сондай-ақ, мәдениет пен қоғамдық қызметке өмірін арнаған Гүлсім Жаниманова мен Көгершін Жайқанова төбе көрсетті.
Суреттер: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Іс-шара ұйымдастырушылары қала тұрғындарын ұлттық киімді тек мереке күндері емес, күнделікті өмірде де киюге шақырды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!