Қайырымдылық күні қарсаңында Астананың №53 мектебінде инклюзияны қолдаудың жаңа кабинеті жұмысын бастады. Бұл – «Самұрық-Қазына» қорының елімізде инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған ауқымды бастамасының жалғасы. Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қордың Қоғамдық кеңесінің отырысында Топтың инклюзияны қолдау бойынша жұмыстарды нығайтуға және 15-кабинетті ашуға ниетті екенін айтқан еді.
«Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Еліміздің өңірлерінде оңалту орталықтарын, спорт кешендері мен бейімделген спорт секцияларын аштық. Ерекше қажеттіліктері бар жастарды цифрлық мамандықтарға оқытып, олардың жұмысқа орналасуына көмектесеміз. Біз адамдарға туғаннан бастап көмек көрсетіп, олардың қоғамға бейімделуіне барынша ықпал етеміз. Инклюзия кабинеттері – осы жүйенің маңызды бөлігі», деді қор басшысы Нұрлан Жақыпов.
№53 мектепте инклюзияны қолдау кабинетінде өтетін сабақтарға білім алуда ерекше қажеттілігі бар 46 бала қатысады. Мұнда білікті мамандар оқушыларға қосымша білім берумен қатар, олардың шығармашылық дамуына, қоғамға бейімделіп, көпшілік ортада өзін ұстауына, әлеуметтенуіне көмектеседі.
Инклюзияны қолдау кабинеттерінің тұжырымдамасы «Samruk-Kazyna Trust» қоры және инклюзия сарапшыларымен жетілдірілген. Кабинеттер open space, яғни ашық кеңістік форматында жұмыс істейді. Мұнда дефектолог, логопед, психолог мамандарына арналған аймақтар, сондай-ақ қыш шеберханасы ұйымдастырылған. Сонымен қатар заманауи спорттық жабдықтарымен қамтылған емдік денешынықтыру кабинеті бар.
«Мұнда бәріміз әртүрліміз, бізге көп қолдау көрсетіледі. Мұнда оқитынымды мақтан тұтамын. Маған кабинетіміз ұнайды. Мұндай кабинеттерді ашуға көмектескендеріңіз үшін рақмет. Мен осындай сыныптар тағы ашылады деп сенемін», дейді инклюзия кабинетінде білім алатын Сезім Серік.
Осылайша, Ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен елорда мектептерінде ерекше балаларға арналған 11, жалпы еліміз бойынша 15 кабинет жұмыс істеп тұр. Олардың төртеуі Ақмола облысында ашылған. Ал 3 мамырда елордада «Samruk Charity Marathon» үшінші қайырымдылық марафонын өткізіп, жиналған қаражатқа ерекше балалар үшін жаңа инклюзия кабинеттерін ашу жоспарланып отыр.
Аталған жоба бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен жүзеге асырылып, 550-ге тарта бала, яғни ерекше балалардың 20%-ы инклюзивті біліммен қамтылды. Қор өкілдерінің айтуынша, бұл бастама алдағы уақытта да міндетті түрде жалғасын таппақ.
Жансая Қапасқызы