Мемлекет басшысы "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповты қабылдады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" акционерлік қоғамының былтырғы операциялық нәтижелері туралы есепті тыңдап, кәсіпорынның қысқа және орта мерзімді жоспарымен, мақсаттарымен танысты.
Президентке өткен жылдың қорытындысы бойынша уран өндірісінің көлемі 23 мың тоннадан, компаниялар тобы бойынша сату көлемі 16,6 мың тоннадан асқаны жөнінде баяндалды. Ортақ табыс 1,8 триллион теңгеге жеткен. Бұл – рекордтық меже әрі 2023 жылмен салыстырғанда 26 пайызға артық көрсеткіш. Республикалық бюджетке аударылған салық түсімі 720 миллиард теңгеден асып, өткен жылмен салыстырғанда 58 пайызға ұлғайған.
Мемлекет басшысына әлемдік нарықтағы қазіргі ахуал, Қазақстанның табиғи уран концентратын жеткізуге арналған жаңа келісімшарттары мен инвестициялық жобаларын іске асыру бойынша мәлімет берілді. Өткен жылдың ең басты оқиғасы ретінде «Үлбі-ЖБҚ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауытының 200 тонна төмен байытылған уран өндіріп, толық қуатында жұмыс істей бастағанын айтуға болады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамын дамытудың 2025-2034 жылдарға арналған жаңа стратегиясы таныстырылды. Оның аясында компания елдің минералды-шикізат базасын ұлғайтуға және оны тиімді пайдалануға ден қоймақ. Былтыр ресурс қоры 170 мың тоннаға бағаланған перспективті аумақтарда уранды барлау жұмыстарын жүргізу үшін жаңа лицензиялар алынды.
Мейіржан Юсупов Тәжікстанмен сирек металдарды өңдеу саласында, Франциямен атом өндірісіне маман даярлау бағытында меморандумдарға қол қойылғанын, сондай-ақ Моңғолия және Иорданиямен аталған мемлекеттердің аумақтарында уранды барлау жобаларын бірлесіп зерделеу жөніндегі уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына холдингтің өңірлерді дамытуға және қолдауға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобалары туралы ақпарат берілді. Былтыр осындай бастамаларды жүзеге асыруға 3,7 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Кездесу соңында Президент «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамының жұмысын одан әрі жетілдіруге және компаниялар тобының әлеуметтік маңызы бар жобаларды орындауға қатысты бірқатар міндет жүктеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!