What are you looking for?

Ақтауда халықаралық жастар форумы басталды

21.03.2025

Jastar Wave – Aktau 2025. Осындай атаумен Ақтауда халықаралық жастар форумы басталды, деп хабарлайды 24kz.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған шараға Түркия, Әзербайжан және Өзбекстаннан жастар қатысуда. Меймандар Маңғыстаудың туристік мекендерімен танысып, әз-Наурыз мейрамына жоспарланған шараларды тамашалайды.

Форум «Достық» кешеніндегі ойын-сауық бағдарламадан басталды. Шетелдік меймандар алтыбақанда тербеліп, атбегілік өнерді тамашалады. Делегация мүшелері қазақ жеріне алғаш рет аяқ басып, Каспий жағасындағы қаланың сұлулығына тәнті болды.

Бейзанур Коюнжу, форумға қатысушы (Түркия):

- Анкарадан келдім. Ақтау шағын болса да, әдемі қала екен. Маңғыстаудың қасиетті орындарына зияраттап бару көптен бергі арманым еді. Қазақстанға сапарым түркітілдес мемлекеттерге ортақ мейрам әз-Наурызға тұспа-тұс келгеніне қуаныштымын.

Тимур Жұмырбаев, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы:

- Форум аясындағы шаралар қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен таныстыруды көздейді. Биыл Ақтау түркітілдес мемлекеттердің мәдени астанасы мәртебесін алды. Түрлі тақырыпта шеберлік сабақтары мен семинарларды өткізу, туристік жерлерге саяхаттау кезінде қазақ мәдениетін барынша дәріптеуді жоспарлап отырмыз.

Бауырлас мемлекеттердің жастары өңірлік Ассамблея ғимаратындағы ақ дастарханнан дәм татты. Мал терісі мен сүтінен әзірленетін табиғи өнімдер, ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдар көрмесін тамашалады.

Фидан Зейналова, форумға қатысушы (Әзербайжан):

- Түркітілдес мемлекеттердің жастары арасындағы достық қарым-қатынас жыл сайын нығайып келеді. Бауырластығымыз ұзағынан болсын. Маңғыстауда көріп-білгенімді өз елімдегі жастар ұйымдарына жеткізетін боламын.

Форум үш күнге созылады. Қатысушылар салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстанды әлемге дәріптеу, жастар арасындағы мемлекетаралық байланысты дамыту тақырыбында пікір алмасты. Сонымен бірге Гиннесс рекордтар кітабына ену мақсатында теңіз жағалауында өтетін «Kazakh Record» ұлттық киім шеруіне қатысады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Social Link

Follow Me On Social Media