What are you looking for?

Қоршаған ортаға қамқорлық

22.03.2025

Наурызнаманың қалың бұқараға қатысты қалаулы бір қайырмасы – Тазару күні. Қыраулы қыс өтіп, қордаланып қалған күл-қоқысты сыртқа шығару, жою, айналаны абаттандыру ісіне қала, ауыл-аудандардың барша тұрғындары, үлкен-кішісі бір кісідей жұмылады. Былтырдан бері бұл ­баталы іс-қимылға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы еселеп екпін берді.

Президент акция­ның ерекше маңыз­дылығын атап өтіп: «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алады. Халықтың бұл бас­та­маға барынша қолдау білдір­геніне тәнтімін. Әсіресе жас­тарға ризашылығымды білдіргім келеді. Ел азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ой­лы қоғам қалыптастыру жо­лындағы идеологиялық платфор­ма екенін түсінді. Біз, түптің түбінде, табиғаттың байлығына, күн­делікті тұрмыс-тіршілігімізге нем­құрайды қарайтын жағым­сыз әдеттен біржола арылуымыз қажет. Тазалықты сақтау, таби­ғатты аялау ұлттық бол­мысы­мыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс», деді.

Акцияға өткен жылы 3,8 млн-ға жуық адам қатысты. 1,5 млн­ тон­на­дан астам қоқыс жина­лып, 3,2 млн-нан астам көшет егілді. Сенбіліктер, «Таза бей­сенбі» күндері жүйелі ұйым­­дас­­­тырылды. Осы деректердің өзі тұр­ғын­дардың қоршаған ортаны қор­ғауға, сақтауға нақты іспен үлес қосу­ға қаншалықты да­йын екенін, сана-сезі­мінің сон­ша­лық­­ты өскенін білдіреді. Қала­­лар­­дың, елді мекендердің таза­лы­­ғы халық­тың тұрмыс-тір­ші­лік деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

«Таза Қазақстан» – еліміздегі эколо­гиялық жағдайды жақ­сартуға, табиғатты аялай білуге, қоғамды экологиялық жауап­кершілікке тартуға, тәрбие­­­леу­ге бағытталған маңызды жоба. Акцияның басты мақсаты – қор­шаған ортаны қорғау, қалалар мен ауыл-аудандарды тазарту, абаттандыру, көпшілікті осы бағыттағы түрлі мәселе туралы жан-жақты хабар­дар ете отырып, ел ортасында экологиялық мәдениет қалыптастыру.

Жобаның басты нәти­же­лерінің бірі қоғамның түрлі тобының бірлесіп, ұйым­шы­лдықпен жұмыс істеуі болды. Жер-жерлердегі тазарту,­ көгалдандыру, абаттандыру­ іс-шараларына мемлекет, жергілікті билік органдары өкілдері, студенттер, мектеп оқушылары, қатардағы қа­ра­пайым азаматтар белсене қа­тысып, аймақтарда ұлан-асыр жұмыстар атқарды. Акция барысында экология тақырыбында түрлі конференция, байқау­лар, ынталандыру іс-шаралары­ көптеп ұйымдастырылып, ха­лықтың экологиялық сана-сезімі жоғарылады. Адамдардың таби­ғатқа, қоршаған ортаға деген көз­қарасы ізгілене, жақсара түсті.

Акция барысында эколо­гия­лық инфрақұрылымды да­мытуға ерекше көңіл бөлінді. Қоқыс жинау пункттері мен қайта өңдеу орталықтары көбейіп, халықтың қоршаған орта, жүрген жерін таза, күтіп ұстауына жағдай жасалды. Сонымен қатар мемлекет тарапынан экологиялық заңнама­ның күшейтілуі, қоқысты дұрыс басқару жүйелерінің ен­гі­зілуі акцияның тиімділігін арт­тырды. Тұрмыстық қатты қал­дықтарды сұрыптау, қайта өңдеу мә­селесі ерекше назарда болды. Қо­қысты тиімді өңдеу мен қайта пай­да­лану оң тәжірибесі тек қала­ларда ғана емес, ауылдық жерлерде де кеңінен тарала бас­та­ды.

Акция табиғатқа зиян кел­тіретін факторлармен күре­суге, оның ішінде заңсыз қоқыс төгу, орманның жойылуы, су көздерінің ластануы сияқты мәселелерге қарсы бағытталды. Бірқатар экология­лық құқық бұзушылықтар анықта­лып, кінә­лілерге келтірілген залалды жою, орнын толтыру міндеттел­ді, қадағаланды. Жергілікті би­лік органдары мен құқық қор­ғау органдары­ның экология­лық заңнаманы бақылау мен орындауға қатысты белсенділігі артты.

Акцияның тағы бір тағылымы – жас ұрпақты қоршаған орта­ға жауап­кер­шілікпен қарауға тәрбиелеу. Бұл шаралар мектептер мен оқу орындарында экологиялық тәрбие беру, бала­ларды табиғатқа деген сүйіс­пеншілікке баулу арқылы жүзеге асты.

«Таза Қазақстан» қайнаған тіршілікке, қарбаласқа толы қалаларда ғана емес, ауыл­дарда да кеңінен қолдау тапты, барынша белсенділікпен жүргізіл­ді. Бұқаралық бастама алыс ауыл­дарда да инфрақұрылымды жақсартуға, табиғатқа зиян келтіретін әрекеттерді азайтуға ықпал етті.

Тазалық, айналаның абат күйде, бақуат тұрмыс-тіршілікке сай болуы – кез келген қоғам үшін аса қымбат құндылық. Сол тұрғыда қалаларды, ауылдарды күл-қоқыстан, осыған қатысты келеңсіз көріністерден арылту – экологиялық мәдениет­тің маңызды бір белгісі. Акция ел ішінде тазалық пен тәртіп мәдениетін қалыптастырып, адамдарды өз орталарын таза ұстауға шақырады. Ең бастысы, акцияның бір реттік, маусымдық іс-шара емес, әлеуметтік нормаға айналып келе жатқаны көз қуантады, көңіл сүйсінтеді. Міне, қазірде жер аяғы жылдам кеңейетін оңтүстік өңірлерде акция ая­сын­дағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Көше, аулалар күл-қоқыстан арылып, абаттандырылып, сәулеттендіріп, жаңа, жарқын кейіпке еніп келеді. Сыланған сәмбі талдар, сырланған, түрленген үймерет-ғимараттар көркем көз тарта бас­тады. Бұл жұмыстар ендігі кезекте көктем кеш келетін өңірлерде де сәтімен жалғасын табады.

Қат-қабат тіршіліктен қол қалт еткенде серуен құратын, демалатын орындарды, сәнді саябақтарды, табиғаты тамыл­жыған, мөлдір сулы, ауасы таза жерлерді күтіп ұстаудың, бабында сақтаудың жауапкершілігі – баршаға ортақ борыш. Түптеп келгенде, экологиялық мәдениет дегеніміздің өзі де адамдардың байыпты өмір сүруі барысында өзін қоршаған табиғи, рухани ортамен жарастықты қарым-қатынас жасай білуі. Жеткілікті, қажетті тұрмыс-тіршілік үшін қаншалықты тынбай қаре­­кет ететін болсақ, экологиялық үйле­сім жолында да дәл солай әрекет еткен абзал. Бұған әрбір азамат, отбасыдан бастап, ұйым, құрылым, бірлестік атаулының бәрі білек сыбана, күш біріктіре отырып, белсене атсалысуға тиіс. Сонда ғана қоршаған ортаның қалыпты күйі, сау-саламат тір­шілік барысындағы іс-шаралар әлеуметтік әділеттілік жолын­дағы күрес­ке айнала алады. «Таза Қазақстан» акциясының басты тағылымы, негізгі мұраты да осы.

Social Link

Follow Me On Social Media