Ұлыстың ұлы күнін ақтөбеліктер де ерекше көңіл күймен қарсы алды, деп хабарлайды 24KZ. Қыстың ызғары ерте қайтып, Наурыздың алғашқы күндерінен-ақ жаймашуақ, жылы ауа райы орнады. Жаңару мен бірліктің, молшылық пен ырыстың жаршысы саналатын бұл мейрамды қала тұрғындары орталық алаңға жиналып, ел болып атап өтті.
Шаһардың қақ төріндегі алаңда киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылды. Қазақы нақыштағы безендірулер көз қуантса, өнерпаздар орындаған ән мен күй ел көңілін тербеді. Ұлыстың рухани мазмұнын тереңдету мақсатында әжелер аластау дәстүрін көрсетіп, жаршылар мен кернейшілер халық өнерін паш етті. Сондай-ақ әртістердің ұлттық дәстүрді дәріптейтін көріністері мен театрландырылған қойылымдары, концерттік бағдарламалар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Мерекелік шара ел бірлігі мен рухани жаңарудың айқын көрінісіне айналды.
Сауалнама:
- Наурыз мерекесі деген халықты молшылыққа, бірлікке, ынтымақшылыққа баулиды. Бұл енді қазақтың қоғамы үшін, жұрты үшін үлкен мәні бар. Біздің биіктігімізді, ұлттығымызды көрсететін үлкен мереке. Мереке құтты болсын!
- Маған қатты ұнайды Наурыз мерекесі. 5 мың жылдан бері тойланып келе жатқан күн мен түн теңесетін кез. Наурыз бәрімізге құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
- Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын! Барлық халқыма береке бірлік тілеймін. Ақ мол болсын. Бейбітшілік заман болсын!
- Наурыз мерекесі, баршамызға мәлім, түркі елдерінің мейрамы. Көктемнің басы, малдың төлдейтін кезі, жаңаратын кезі жасылдың шығып, осындай ақ мол болып көркейетін кезі ғой. Үнемі дәстүрімізді дәріптеп жүрейік.