Түркияда Наурыз мейрамы ресми мерекелер қатарына қосылуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ. Тиісті бастаманы президент Ердоғанның өзі ұсынды. Ел парламенті ұсынысты мақұлдаса түркі жұрты түгел 21 наурыз күні демалады. Анадолы жұртында дәстүрлі мереке қалай тойланып жатыр? Елдегі шерулер мейрамға әсер етті ме?
Түркияда Наурыз ұлттық мерекелер тізіміне кірмеген. Мемлекеттік деңгейде демалыс жоқ. Ұлттық мейрам ретінде негізінен ұсақ ұлыстар, провинциялар, әсіресе күрттер ежелден тойлайды. Сондықтан елдің кейбір тұрғындары үшін Наурыз күрттердің мейрамы деген ой қалыптасқан. Бұл күнде елдің шығыс өңір тұрғындары қала орталықтарында бас қосып, ән айтып, халай биін билейді. Биыл да дәстүр өзгерген жоқ.
Оя Яғмұр, тұрғын:
- Наурыз – көктемнің жаршысы. Біз үшін маңызы зор мейрамда бар туған-туыстармен бас қосамыз. Халай теуіп, түрлі тағамдар пісіреміз. Алаңдарға шығып, бір-бірімізді құттықтаймыз.
Соңғы жылдарда бұл мерекені түрік халқы да қайта қолға алып, атап өте бастады. Наурызды тойлауда түркі ұйымдары мен университеттердің орны ерек. Сондай шаралардың бірі Хажы Байрам университетінде ұйымдастырылды.
Жемиле Кынажы, Түркі әлемі қолданбалы және зерттеу орталығы директоры:
- Түркі дүниесінің Наурыз мейрамы құтты болсын! Бұл Ұлыстың ұлы күні. Бізде Республикамыз Ататүрік кезінде тойлады. Сосын көп уақыт атап өтілмеді. Бірақ 90 жылдардан кейін түркі дүниесі жанданды. Бұл біздің Ергенеконнан бүгінге жеткен мәдени мұраларымыздың бірі. Сол себепті өскелең ұрпаққа үйретуіміз керек.
Түрік халқының дәстүрі бойынша от жағылып, ішінен тілек тілеп алаудан секіреді. Лавр ағашының жапырақтары мен бұтақтарын өртеп, барлық жамандықтан тазартады. Биыл алғаш рет осы алаудан президент Ердоғанның өзі секірді.
Мерекелік кешке арналған бағдарламада Наурыз сөзі алты тәуелсіз түркі мемлекетінің байрақтарымен безендірілді. Бастысы президент Ердоған шарада 21 наурызды Түркияда мереке ретінде жариялауды ұсынды. Осылайша күллі түркінің ортақ мейрамы барлық туыстас жұртта арнаулы күн ретінде тойланбақ.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- 21 наурызды көктем мен бауырластық мерекесі деп жариялауды ұсынамын. Мен президент ретінде мұны парламентке ұсынуға дайынмын. Мамыр айында Венгрияда өтетін саммитте Наурыз мейрамын түркі әлеміне ортақ мейрам ретінде атап өту бастамасын көтереміз. Бауырлас елдер бұл ұсынысты мақұлдап, Наурыз бірлігіміз бен ынтымағымызды нығайтуға қызмет ететін түркі әлемінің ортақ мейрамына айналады деп үміттенеміз.
Мерекелік жиынға Түркияда тұратын түркі халықтарының диаспоралары қатысты. Әртүрлі түркітілдес халықтардың өнерпаздары концерт қойды. Ақжолтай хабарға әсіресе Ыстамбұлдағы қазақтар қуанды.
Сема Зеһра Жаналтай, қазақ диаспорасының өкілі:
- Бүгін Президентіміздің қатысуымен күшті Наруызды құттықтадық Ыстамбұлда. Президентіміз өзі бұдан кейін ресми байрам деп саналады деп айтты. Бұрында бұлай құттықтамаған. Ресми байрам болып құттықтауы – бәріміз үшін қуаныш.
Қазір елде Ыстамбұл мэрінің қамауға алынуына байланысты шерулер толастамай тұр. Ірі қалаларда қоғамдық жиындарға тыйым салынған. Десе де Наурыз мерекесін тойлауға ешқандай тосқауыл жоқ.