Мәжіліс депутаты, танымал қазақстандық спортшы Дәулет Тұрлыханов бұдан былай Азия күрес одағының президенті қызметін атқармайды, бұл лауазым Иордания өкіліне бұйырды.
UWW сайтында хабарланғандай, Амманда Біріккен күрес әлемінің Азиялық кеңесінің (UWW Asia) ассамблеясы өтті. Сайлауға 38 ұлттық федерация қатысқаны атап өтілді.
Ассамблея барысында Азия күрес одағының басшылық құрамы және жаңа президенті сайланды. Мохаммед әл-Авамала 34 дауыс жинап, жаңа президент болып сайланды. Ол федерацияны 2028 жылға дейін басқарады.
Sports.kz хабарлағандай, бұл қызметті бұған дейін Дәулет Тұрлыханов атқарған. Жарияланған фотолардан Тұрлыхановтың жаңа президентті сайлануымен құттықтағанын байқауға болады.
Wrestdag.ru сайтының хабарлауынша, соңғы екі мерзімде UWW Asia ұйымын басқарған Дәулет Тұрлыханов 16 дауыс жинаған.
Қазақстан Олимпиада комитетінің сайтында жазылғандай, Дәулет Тұрлыханов Шығыс Қазақстан облысындағы Георгиевка ауылында дүниеге келген. Грек-рим күресінен КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері.
Ол 1988 жылы Сеулде өткен XXIV жазғы Олимпиада ойындарында күміс жүлдегер атанды. Төрт жылдан кейін Барселона Олимпиадасында қола жүлдегер атанды. 1989 жылы әлем чемпионы атанды.