Петропавл қаласының тұрғыны, соғыс ардагері, ғасыр жасаған кейуана
Валентина Волкодав биыл 103-көктемін қарсы алды. Жалындаған бойжеткен шағында майданға аттанған Валентина ауыр күндерді басынан өткеріп, Берлинге дейін жеткен. Жеңісті жақындатуға үлес қосқан майдангер елге аман-есен оралып, бейбіт өмірде де талмай еңбек етті. Жеңіс күні қарсаңында солтүстікқазақстандық ардагерді жергілікті тілшіміз Айдарбек Айтмұхамбетұлы арнайы барып құттықтап қайтты.
Валентина Волкодав қан майданға небәрі 19 жасында аттанды. Соғыс даласында бұзылған көпірлерді қалпына келтіріп, Жеңіс күнін Берлинде қарсы алды. Қазір сол зұлмат жылдарды еске алғысы келмейді. Тек бейбіт заман тілейді.
Валентина Волкодав, соғыс ардагері:
- Енді ешқашан да соғыс болмасын. Мен оның зардабын жақсы білемін. Жастық өміріміз майданда өтті. Институтқа түскен кезім еді. Оқудың орнына майданға кеттім. Сондықтан бейбіт заманның қадірін білейік.
Соғыс ардагері өмірлік жарын майданда жолықтырды. Екеуі екі қыз тәрбиелеп өсірді. Жолдасы бақилық болғаннан кейін қызының қолында тұрады. Немере, шберелері де жиі келіп көңілін аулайды.
Мария Недвига, соғыс ардагерінің немересі:
- Екі жарым жасымнан әжемнің қолында өстім. Балабақша, мектепке де өзі апарды. Жақсылыққа үйретті. Ол әлі күнге дейін газет оқып, жаңалықтарды қалт жібермейді. Өмірді сүйеді. Сондықтан болар, ұзақ жасап келеді.
Валентина Волкодав биыл 103-ке толды. Ғасыр жасаса да әлі тың. Үй ішінде өзі жүріп тұрады. Жыл сайынғы Жеңіс күні мерекесінде орталық алаңға барып, көпшілікпен бірге мерекелік іс-шараларға қатысады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков
Related items