What are you looking for?

Риддерде гемодиализ орталығы ашылды

27.03.2025

Жергілікті бюджетті ұлғайтудың арқасында шалғайдағы ауыл-аймақ пен шағын қалалардың хал-ахуалы жақсарды, деп хабарлайды 24KZ. Таяуда Риддерде гемодиализ орталығы ашылды. Осылайша көпшілік талай жыл бойы күткен мәселе оң шешімін тапты. Осыған дейін бүйрегі сырқат жандар ем алу үшін аптасына бірнеше рет облыс орталығына сабылып келген еді. Қазір шағын шаһарға Семейден келген білікті мамандар медициналық аппаратты іске қосып, оның қыр-сырына риддерлік әріптестерін үйретіп жатыр.

Семейден арнайы шақыртылған Ақжол Қазыбеков риддерлік әріптестеріне шеберлік сағатын өткізіп үлгерді. Бірінші санаттағы медициналық қызметкер құрылғыны қосудың қыр-сырын үйретті. Енді орталықтың жұмысын қадағалап жүр. Себебі науқастар үшін жедел әрі тиімді ем алу маңызды.

Ақжол Қазыбеков, бірінші санаттағы медициналық қызметкер:

- Риддер қаласына келдік, медбикелер мен медбраттарды үйретуге. Аппаратқа пациенттерді қосып-өшіру. АВФ-ЦВК үйрету бір ай аралығында өтеді.

Елена Бабушкина осыған дейін гемодиализ аппаратының жоқтығынан аптасына үш рет Өскеменге баратын. Қыста алай-дүлей боранға, үскірік аяз бен көктайғаққа қарамастан жолға шығуға мәжбүр болған. Енді бұл қиындықтың бәрі артта қалды.

Елена Бабушкина, Риддер қаласының тұрғыны:

- Басында аптасына екі рет барушы едім, одан кейін үш рет баратын болдым. Таңғы төрт жарымда тұрып, жолға шығатынмын. Екі жарым сағат дегенде Өскеменге жетіп, 3 сағат ем алып, қайта жолға шығамын. Бұның бәрі әуреге салатын. Сондықтан бұл аппараттың әкелінгеніне ерекше қуанып отырмын.

Дәл осындай орталық Алтай қаласында да жұмыс істеп тұр. Екі шаһарда да емделушілер көп. Бірақ нефролог-дәрігер тапшы. Бар болғаны 10 маман қызмет көрсетеді.

Шамиль Назыров, денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс нефролог-дәрігері:

- Бүйрек жетіспеушілігі ауруына шалдыққандар көп екенін ескерсек, нефролог-дәрігерлердің тым аз екені байқалады. Дегенмен бұл мәселе алдағы уақытта толық шешіледі деген ойдамын. Себебі Семейдегі медициналық университетте нефролог-мамандар білім алып жатыр. Олар үлкен сұраныстың орнын толтырады.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше қазір Семеймен қатар Қарағанды, Ақтөбе, Ақтаудағы жоғарғы оқу орындарында нефролог-дәрігерлер оқытылып жатыр. «Сондықтан алдағы жылдары кадр жетіспеушілігі толық шешімін табуы тиіс», – дейді мамандар.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Social Link

Follow Me On Social Media