Мемлекет басшысы Арменияның сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянды қабылдады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел президенттерінің былтыр Қазақстан мен Арменияға жасаған сапарлары өзара қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға айтарлықтай серпін бергенін атап өткен.
"Сіздің Астанаға алғашқы ресми сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту тұрғысынан маңызды. Біздің армян халқы мен сіздің мемлекетке деген құрметіміз бөлек", — деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Бейбітшілік туралы келісім жобасы бойынша келіссөздердің аяқталып, Ереван мен Баку арасындағы мемлекетаралық қарым-қатынастың жандануын қолдайтынын жеткізген. Президенттің пікірінше, бұл айтулы оқиға Армения мен Әзербайжан арасында бейбіт келісім орнатуға негіз қалап, аймақтың Қазақстан және Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастығын белсенді түрде дамытуға, сондай-ақ қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді.
Өз кезегінде Арменияның сыртқы істер министрі қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдірген.
"Біз сіздің екі ел арасындағы ықпалдастыққа қатысты ұстанымыңызды қолдаймыз", — деді Арарат Мирзоян.
Ол Армения мен Қазақстанның Сыртқы істер министрліктері және басқа да ведомстволары Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Ереванға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізген.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланысты ілгерілету перспективасы қарастырылған. Қазақстан президенті отандық бизнес өкілдерінің Арменияға тауар тасымалын 350 миллион долларға дейін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеген.