What are you looking for?

Алматыда жаңа үйден пәтер алған тұрғындардың құрылысқа көңілі толмай отыр

27.03.2025

Алматыда екі-үш жыл бұрын салынған тұрғын үй кешенінен пәтер алған адамдардың құрылыс сапасына көңілі толмай отыр, деп хабарлайды 24kz.

Құрылыс компаниясының салғырттығынан кәріз суы орталық құбырға емес, жертөлелерге құйылып жатыр. Күлімсі иістен шаршаған тұрғындар амалсыздан қалдық суды бірнеше рет өз күштерімен тазартқан.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Алатау ауданындағы Shahar City тұрғын үй кешенінде 9 үй бар. Мұндағы 700-ден аса пәтердің тұрғындары бірнеше күннен бері кәріз суының күлімсі иісімен тыныстауға мәжбүр. Себебі қалдық судың сорғы станциясы жиі істен шығады екен. Соның салдарынан әр үйдің жертөлесі қалдық суға толып қалады.

Кәріз судың әлегі қыста басталған. Содан бері жертөле 5 рет қалдыққа толыпты. Тіпті нәжіс бірінші қабаттағы пәтерлердің ваннасы мен унитазына дейін көтерілген. «Ал пәтер иелері кооперативі мен құрылыс компаниясы мәселені бір-біріне сілтеп, құрғақ уәдемен уақыт созып келеді», — дейді тұрғындар.

Ханымкүл Шаханова, қала тұрғыны:

- Ақша төлеп кірдім ғой мына тамға, маған ешкім сыйлаған жоқ. Солай емес пе?! Бәрін төлеп жатырмыз, енді жағдай жасау керек бізге. Мердігер кінәлі ме? Ол уәде беру керек мына халықтың, телеарнаның алдында осындай уақытта кемшілікті жоямын деп айту керек.

Гулян Әміреева, қала тұрғыны:

- Кері байланысқа шықпайды. Су басқанда, өрт шыққанда халық оны іздейді. Ол не телефонға жауап бермейді, не WhatsApp-қа жазбайды. Кеше біз өзіміз аулаға шығып, айналаны өзіміз тазарттық. Су басқан кезде өзіміз ақша жинап, машина жалдап өзіміз тазалаймыз.

Бұл мәселе «Солтүстік айналым» тұрғын үй кешенін Shahar City-дің кәріз құбырына қосуынан басталған. Тоғыз үйдің тазалығын қамтамасыз етіп келген сорғы тағы 10 үй қосылған соң жиі күйіп кететін бопты. Бүгін тұрғындармен кездесуге келген құрылыс компаниясының өкілі: «Сорғылардың санын уақытша көбейтеміз», - деп уәде берді.

Гүлім Оразбаева, Qazaqstroy компаниясы pr бөлімінің маманы:

- Төрт сорғымен жұмыс істей тұрғаннан кейін, бұйырса, жазға дейін деп отырмыз, жаңа кәріздік сорғыш станцияның салынуын күтеміз. Сонымен бұл тұрғын үй кешенінің мәселесі толыққанды шешілу керек. Қазір бұл жағдайдың туындап отырғаны біз кешенімізге шақтап, есептеп салған КНС-ке бөтен компанияның кешені он шақты үй осы КНС-ке қосылып отыр.

Құрылыс компаниясының уәдесіне сенуден қалған тұрғындар қалалық прокуратура мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне арызданбақшы. Тұрғындар бұл мәселенің жылдам әрі түбегейлі шешілгенін қалайды.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев

Social Link

Follow Me On Social Media