Елде бизнесті қаржыландыру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Мемлекет басшысы банктерді бұл іске белсенді тарту керек дегенді бірнеше рет айтты. Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге келмейді. Отандық екінші деңгейлі банктердің бірқатары бизнеске несие ұсынып жүр. Десе де, пайызы жоғары. Әрі кепілге мүлік сұрап, онсыз да әрең күн көріп отырған кәсіпкерлерді қинап қоятыны тағы бар. Әйткенмен, кепілсіз-ақ кредит беруге даяр ұйымдар да бар.
Екінші деңгейлі 21 банктің 11-і шағын және орта бизнес пен жеке кәсіпкерлік субъектілеріне кепілсіз кредиттер береді. Ең тиімді несиені «ForteBank» ұсынады. Бұл банктің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) – 19,61%. Ол маркетплейстегі сатушыларға арналған. ЖК және ЖШС-лер 36 айға дейінгі мерзіммен 20 млн теңгеге дейінгі сомада несие рәсімдей алады. Тиімді ұсыныс білдірушілер қатарында «Freedom Bank» (21,8%), «ВТБ Банк Қазақстан» (27,8%) және «Нұрбанк» (28,9%) бар.
Жалпы, сегменттегі ең аз ЖТСМ 19,61% болса, ең жоғарғысы – 44,20%. Енді әр банктің ЖТСМ-ын жеке-жеке айтып өтелік:
«ForteBank» – 19,61%
«Freedom Bank» – 21,80%
«Freedom Bank» – 25,30%
«ForteBank» – 25,60%
«Центр КредитБанкі» – 27,76%
«ВТБ Банк Қазақстан» – 27,80%
«Нұрбанк» – 28,90%
«Bank RBK» – 29,20%
«Центр КредитБанкі» – 30,28%
«Bereke Bank» – 31,60%
«Еуразиялық банк» – 32,00%
«Jusan Bank» – 44,20%
Банктер ұсынатын максималды сома көлемі мен мерзімі де әр алуан.
Банктердің бизнеске арналған несие портфелінің көлемі 2023 жылы желтоқсанда 13,1 трлн теңгені құрап, 2024 жылдың тамызына дейін соншалықты қатты ауытқи қоймаған. Портфель көлемі 2024 жылдың қыркүйегінде 14,1 трлн теңгеге жетеді. Содан желтоқсанға дейін үздіксіз өседі: 15,3 трлн теңге. 2025 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша бизнеске арналған қоржындағы қаржы көлемі – 14,9 трлн теңге.