Астана мемлекеттік қызмет хабының төрағасы Әлихан Бәйменов Massaget TV YouTube арнасына берген сұхбатында Сеулде Астана мемлекеттік қызмет хабының бөлімшесі ашылатынын айтты.
Әлихан Бәйменовтің сөзінше, Қазақстан цифрландыру бағытында аймақ елдері арасында көшбасшы, ал әлемде алғашқы 20-25 мемлекеттің қатарына кіреді. Бұл тұрғыда Қазақстаннан үйреніп жатқан елдер де көп екен.
"Біз осы саладағы тиісті министрлікпен тығыз әріптестікте жұмыс істейміз. Бұл бағыттағы Қазақстанның тәжірибесін басқа елдерге, мысалы Балқан түбегінің елдеріне, Азия елдеріне, Африка елдеріне, ТМД елдеріне таратуда қолғабыс жасап, әріптестікте жұмыс істеп жатырмыз. Екінші жағынан бізден де алға кеткен екі мемлекет бізбен тығыз жұмыс істейді, ол — Корея және Эстония", — деді ол.
Астана мемлекеттік қызмет хабының төрағасы Корея не себепті қызығушылық танытып отырғанын да айтты.
"Кореяның қызығушылығы тек цифрландыру бағытында емес. Корея ұзақ зерттеп, тіпті таңғаларалық ұсыныс жасап отыр: Сеулде Астана мемлекеттік қызмет хабының бөлімшесін ашу. Бұл — біз үшін тіпті бір ерекше жаңалық. Өздері ұсынып, былтыр Кореяның президенті келген кезде солардың Адам ресурстарын басқару министрлігі бізбен меморандумға қол қойды. Содан былтыр өздеріне шақырып, мен барып, осыны талқыладық. Таяуда ғана олар хат жазды, оларда да қазір билік ауысып жатыр. "Бірақ осы жұмыс бізге қызық, біз Сеулде Астана мемлекеттік қызмет хабының филиалын ашқымыз келеді" деді. Қазір қарасаңыз бізде 150-ге жуық мемлекеттік басқарудың түрлі саласындағы мамандардың тізімі бар. Дайын платформа. Олар оның пайдасын көріп отыр. Қызығушылық танытып отыр", — дейді Бәйменов.
Әлихан Бәйменов саяси сахнаға оралуы мүмкін бе? Оның осы және өзге де мәлімдемелерін Massaget.kz ақпараттық порталының YouTube арнасынан көре аласыздар.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!