Оңтүстік Кореяның салық қызметі блогерлерді қатаң бақылауға алды.
Өйткені интернетте түрлі контент жасаумен табыс табатындар кірістерін толық көрсетпейді.
Тіпті көптеген ютуберлер елдегі ең бай адамдар тізіміне кірген. Кореяда видеоблогерлер қалай салық төлейді?
Кореяда видеоблогерлер табысының 40%-ын салыққа төлейді
Владислав Цой, тілші:
- Оңтүстік Кореяда видеоблогерлер екі санатқа бөлінеді. Біріншісі – кәсіби блогерлер. Бұған тұрақты табыс табатын, студиясы мен қызметкерлері бар контент жасаушылар жатады. Мұндай жағдайда олар 10% қосылған құн салығын және 30% жеке табыс салығын төлеуі тиіс. Ал егер блогердің студиясы жоқ әрі жеке өзі жұмыс істесе салық қызметі оларды әуесқой деп санайды. Мұндай адамдар қосылған құн салығынан босатылады және тек табыс салығын төлеуге міндетті.
Видеоблогер Чериш 5 жылдан бері әлеуметтік желілерге арналған контент жасаумен айналысады. Ол YouTube пен Instagram-да корей тілін оқытады. Оның бір видеосы шамамен 5 миллион қаралым жинаған. Дегенмен бұл кәсіптен көп табыс түспейтінін айтады. Бірақ салық қызметкерлері оған сенбейтін көрінеді. Студияға тексеріп келмесе де блогермен телефон арқылы сұхбаттасқан.
Чериш, блогер:
- Екі рет бізге қоңырау шалып, менің блогерлікпен айналысатыным рас па, соны сұрады. Менің корей және орыс тілдерінен сабақ беретінім туралы мәліметтің шынайылығын тексерді. Студиомның мекенжайын да сұрастырды. YouTube-те 350 мың жазылушым бар, бірақ табыс аз. Себебі қазір Ресейде және басқа елдерде жарнама жақсы жұмыс істемейді.
Оңтүстік Кореяда видеоблогерлер салық қызметінің назарына өткен жылдан бері көп іліге бастады. Forbes Korea журналы елдегі ең ықпалды 100 ютубердің тізімін жариялады. Кейбіреуінің жылдық табысы 2 миллион доллардан асатыны анықталды. Бірақ контент жасаушылардың аз ғана бөлігі табыс көздерін ашық көрсетіп келген. Олардың кірісі жарнама, демеушілік, келісім-шарт, дәріс пен оқыту курстарына қатысу және қайырымдылық жарналарынан түседі екен. Ал жергілікті заң бойынша YouTube пайдаланушысының шотына 10 мың доллардан артық қаражат аударылған жағдайда банк бұл туралы салық қызметіне хабарлауы тиіс. Бірақ қолма-қол алынған немесе шетелдік банктегі есепшоттан шешілген қаражат салық органдарының назарынан тыс қалады.
Пак Чин Ха, салық компаниясының басшысы:
- Егер арнаның көрермендері көп болса YouTube жарнамалық саясатты ескере отырып ақша төлейді. Бұдан кей адамдар ондаған миллион тіпті миллиардтаған вон табады. Жоғары табысы бар адамдарға жоғары салық мөлшерлемесі қолданылады, ал табысы төмендерге төмен мөлшерлеме қарастырылған. Соңғы уақытта табысы жоғары ютуберлер едәуір көбейді.
Егер салық қызметі блогердің табысын жасырғанын анықтаса, оған сол соманың 20 пайыз мөлшерінде айыппұл салынады. Сондай-ақ оған әр күн үшін өсімпұл қосылады. Дегенмен елде салықтар мен қатаң шараларға қарамастан медиаконтент жасаушылар саны артып келеді. Соңғы бес жылда олардың қарасы 20 мыңнан асты.
Владислав Цой, Ольга Лян