What are you looking for?

Ақмола облысында отыз ауыл ішімдіктен бас тартты

31.03.2025

Ақмола облысында 30 ауыл ішімдіктен бас тартты .

Қазір бұл елдімекендерде алкаголь өнімдері мүлдем сатылмайды. Нәтижесінде, ауылдардағы ірілі-ұсақты бұзақылық азайып, бір де бір қылмыс тіркелмеген. Ал ауыл жастары болса спортпен шұғылданып, өнерге бет бұрған.

800-ден астам тұрғыны бар Қонысбай ауылында соңғы 3 жылдан бері ащы сусын мүлде сатылмайды. Игі бастаманы жергілікті тұрғындар көтерген. Алдымен ауылда ақсақалдар алқасы құрылып, ішімдіктен бас тарту туралы шешім қабылданған.

Қайдар Бекенов, Қонысбай ауылының тұрғыны:

- Қазақ халқының қаны таза халық екеніне екі себеп бар. Бірі жеті атадан қыз алмау, екіншісі арақ шарапты ата-бабамыз қолданбаған. Төңіректегі Қызыл сая, Дөңгілағаш, Қанай би елдері осылай арақ шараптан бас тартып, бізде солардың қатарына қосылғалы 2-3 жыл болды.

Жергілікті кәсіп иелері де игі жобаға қолдау танытқан. Мысалы, қазір ауылдағы дүкендердің ешбірінде ішімдік сатылмайды.

Алтыншаш Төлеуова дүкен сатушысы:

- Доход төмендеген жоқ. Керісінше жақсы. Ондай ішімдік неге керек? Міне халыққа осы ғана қажет қой. Күнделікті товарлар. Қант, май, шай.

Марат Қаскеев, Қонысбай ауылының тұрғыны:

- Қазір ауылда 3 дүкеніміз бар. Олар мүлдем ішімдік сатпайды. Барлығы ерікті түрде жүргізілді. Дүкен иелерімен келістік. Қазір ауылымыз тыныш.

Ащы судан бас тартқан ауылдың берекесі де арта түскен. Соңғы жылдары мұнда ауыр қылмыс тұрмақ, бұзақылық дерегі де тіркелмепті.

Ардақ Нұрмұқанов, учаскелік полиция инспекторы:

- Осы үш жылда Қонысбай ауылдық окгугінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Жанұялық ұрыс, жанжалдар болмаған. Иә, ауыл халқы қолдайды. Алкогольді ішімдіктерді сатпағанына өздері риза.

Бұдан бөлек аймақта «Зиялы қауым» жобасы қолға алыныпты. Оның аясында ауыл қауымдастығы мен полиция қызметкерлері қылмысқа қарсы бірлескен күрес жүргізіп келеді. Бұл бастаманың да нәтижесі көңіл қуантады.

Серік Әбутәліпов, облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:

- Бүгінгі күнгі нәтижесі 98 ауылда бір де бір қылмыс тіркелмеді. 30 ауыл ішімдіктен бас тартқан ауылдар бар. Биыл көздеп отырған нақты мәселеміз барлық аудан орталықтары және қалаларда осы қоғамдық кеңесін құрамыз.

Айталық, жоба аясында ауыл ақсақалдары тек қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп мәселелерімен шектеліп қалмайды. Қоғамдық кеңес елді мекендерді абаттандыру, қараусыз жайылатын мал мәселесін шешуде де белсенді.

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный

Social Link

Follow Me On Social Media