"Қызық Times" бағдарламасында қонақ болған боксшы Назым Қызайбай Наурыз мейрамы кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі жайлы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Естеріңізге сала кетсек, биыл мемлекет басшысы биыл Expo көрме орталығындағы этноауылда Наурыз мейрамын жұртшылықпен бірге қарсы алып, мерекелік концертті тамашалаған еді.
Концерт кезінде президенттің қасында бокстан үш дүркін әлем чемпионы, Парижде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай отырды.
Отандық бағдарламада қонақ болған боксшы президентпен кездесуден алған әсерін бөлісті.
"Наурызға қарсы мерекелік іс-шара өтті. Сол жерге шақырған болатын. Президенттің жанында отырдым. Біз үшін бұл үлкен мәртебе ғой. Қуаныштымыз", — деді ол.
Ал жүргізушілердің "мемлекет басшысымен сөйлестіңіз бе" деген сұрағына өзі бастап сөйлесуге батылы жетпегенін айтты.
"Негізгі өте керемет атмосфера болды. Концерт барысында сөйлестік. Ал енді өзім сөйлесуге батылым жетпей тұрды. Жарыс қалай өткені, алдағы мақсаттар туралы сұрады. Құттықтады. Әлем чемпионы болғанда интернет желісінде жариялап, құттықтады. Өте қуаныштымын. Күшті бір сезім", — дейді Назым Қызайбай.
Айта кетейік, биылғы наурыз айында бокстан Сербияның Ниш қаласында әйелдер арасында өткен әлем чемпионатында Назым Қызайбай финалдық кездесуде ресейлік Юлия Чумгалакованы 5:0 есебімен жеңіп, үш дүркін әлем чемпионы атанды.
Назым осыған дейін 2014 және 2016 жылғы әлем біріншілігінде топ жарған еді.
Назым Қызайбай Қазақстан тарихында бокстан үш дүркін әлем чемпионы атанған – алғашқы боксшы. Ерлер арасында да әлі ешкім мұндай жетістікке жеткен емес.
Боксшыны осы айтулы жетістігімен мемлекет басшысы құттықтаған еді.