Әлемде әр 6-баланың біреуі қақтығыс болып жатқан аймақта тұрады.
Олардың тұрмысы күннен күнге нашарлап барады. Сорақысы, былтыр бұл балалардың құқын шектеу деректері 21%-ға өскен. Kids Rights келтірген дерек осындай. Әсіресе Газа секторы, Судан, Украинада жағдай күрделі.
Тек қақтығыс аймақтарында емес, дамыған бейбіт елдердің өзінде бақытсыз бала бар. Табиғат апаты, қаржы тапшылығы, гуманитарлық дағдарыс секілді қоғамдағы өзекті мәселелер ұрпаққа зиян келтіріп отыр.
Әлем елдерінде балалардың құқын, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы заң бар. Соған қарамастан қоғамның бұл әлсіз тобын қорлау, зорлау деректері көбейіп кеткен.
Оқ пен оттың ортасындағы балалар
Газа секторы
Газа секторында ойын баласы далада асыр салудың орнына қарулы қақтығыстың бел ортасында жүр.
Олардың дені жаралы, психологиялық, физикалық тұрғыда ауыр хәлге ұшыраған. Аяқ-қолынан айырылып, мүгедек болып қалған. Ол аздай, мыңдаған баланың өмірі қыршыннан қиылды. Әр 10 минут сайын мұнда бір бүлдіршін көз жұмады. Ал қақтығыс басталғалы 17 мыңнан астам сәби мен жеткіншек қаза болған. Олардың басым бөлігі шетінеп кеткен. Аштықтан көз жұмғаны қаншама. 1 млн-нан астам бала гуманитарлық көмекке мұқтаж.
Фероз Сидхва, травматолог-хирург, /АҚШ/:
- Балаларды қорғау керек. Бірақ бұл Газада мүмкін болмай тұр. Мұнда күн сайын адамдар қырылып жатыр. Тағдыры қыршыннан қиылған бала көп. Олардың денесі жарылғыш заттан жыртылып, ұшқан металдан бөлшектеніп кеткен. Көпшілігі оған шыдас бермей өліп кетті. Ал аман қалғандары есін жиғанда өз отбасының жоқ екеніне көндіге алмайды. War Child Alliance ұйымы келтірген дерекке сүйенсек, аймақтағы балалардың жартысына жуығы өз-өзіне қол жұмсауға бейім. Олар маған: «Мен неге анаммен, әкеммен бірге өліп кетпедім?» деп сұрайды. Бұл экстремизм емес, төзгісіз қайғының көрінісі.
Суданда қыздарды тұрмысқа ерте береді
15 жастағы жеткіншек қыздар қолға қалам ұстап, мектепте білім алушы еді. Ал Суданда бұл жастағы қыз балалардың дені зорлықпен некеге тұруға мәжбүр. Жасына жетпей тұрмысқа шыққан бойжеткендердің 34 %-ы кәмелетке толмаған, 12%-ының жасы әлі 15-ке де келмеген. Осы аймақта балаларды зорлау, қанау деректері өте көп. Қорлық көргендер 23 млн-ға жуықтайды. БҰҰ-ның дерегі осындай. Ол аздай, аймақта жылдар бойы жалғасып келе жатқан қақтығыстың әсерінен балалардың көбі отбасынан жырақта жүр. Олардың 3,5 %-ы үй-жайсыз көше кезіп күнін көреді.
Гаитиде 1,5 млн бала мектепке бармайды
Гаитиде де балаларға төнген қауіп зор. Аймақта олардың құқын қорғау туралы құжат тек қағаз жүзінде іске асырылған. Ал іс жүзіне келгенде мәселе ақсап тұр. Өйткені мұнда әр төртінші қыз бала мен әр бесінші ұл бала жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Жәй ғана мектепке барып, білім алу гаитилық әр баланың арманы. Қазір 1,5 млн жас өскіннің болашағы бұлыңғыр. Мектепке бару былай тұрсын, жазып-сызуды білмейді. Ауруханалардың тең жартысы жұмыс істемейді. Жараланған, ауыр зардап шеккен балалар медициналық көмекке мұқтаж. Дұрыс тамақтанбаудың салдарынан адам көргісіз аянышты халге ұшыраған.
Криста Белус, жергілікті тұрғын:
- Гаитиден маза кетті. Қауіпсіздік деген атымен жоқ. Өзімізден бұрын балаларымыз үшін алаңдаймыз. Мұнда қарулы топтар тарапынан адам өлтіру, ұрлау, зорлау оқиғалары көбейіп кетті. Әсіресе, жазықсыз балалар қыршын кетіп жатыр.
Мексикада қарулы топтар баланы қылмысқа итермелейді
Мексикада балалар қарулы топтардың құрбанына айналып жүр. Қылмыстық ұйымдар кәмелетке толмағандарды адам саудасы мен есірткі тасымалы үшін пайдаланады. Халықаралық құқық қорғау ұйымының дерегіне сәйкес, былтыр 6 мыңнан астам бала қауіпке ұшыраған. Сорақысы, мұндай топтар осал балаларды қылмыстық істерге жалдап, өз ұйымына қосып алған. АҚШ үкіметінің халықаралық еңбек бюросы Мексикадағы қылмыстық топтарға шамамен 30 мың бала қосылғанын хабарлады. Олардың ең кішісі 6 жасқа толмаған.
Ұлыбритания балалар үшін бақытсыз ел деп танылды
Еуропаның қай аймағы болмасын, әр бала үшін қуанышқа толы бақытты мекендей көрінеді. Бірақ былтыр жүргізіген "Бақытты балалық шақ" зерттеуінің қорытындысы мұның шындыққа жанаспайтынын дәлелдеді. Кәрі құрлықтағы Ұлыбритания өткен жылы балалар үшін ең бақытсыз ел деп танылды. Аймақты жайлаған қымбатшылық салдарынан Корольдіктегі жеткіншектер өзінің тұрмысына қанағаттанбайды. Қаржы тапшылығынан 15 жасқа толмаған балалардың 11 пайызы уақытылы тамақтанбайды. Ал 50 пайызының туған күн, атаулы күн сияқты мерекелік іс-шараларды атап өтуге материалдық жағдайы жетпейді.
Әлемде барлық елде балалардың құқығын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы конвенция бар. Өкініштісі сол, мұның бәрі тек қағаз жүзінде. Әр бала бақытты болуға лайықты. Ендеше олардың құқы, өмірі, тұрмысы іс жүзінде қорғалса деген тілек қана.
Related items