What are you looking for?

"Реанимациядан бір-ақ шықтым": белгілі журналист Жанар Байсеміз өлім аузынан қалғанын айтты

01.06.2025

Белгілі журналист Жанар Байсеміз оқырмандарына бірер күн бұрын басынан өткен жайтты баяндады. Айтуынша ол анафилактикалық шок алып, аз уақыт ішінде жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Журналист елді денсаулығына бейқам қарамауға шақырды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Жанар Байсеміз мұндай жағдайды алғаш рет басынан кешіріп отырғанынан жеткізді. Сөзінше неден екені белгісіз түн ішінде тынысы тарылып, үсті-басы ісіп кеткен. Оқиға 25 мамырдан 26-на қараған түні болыпты.

"Түнгі 2:39-да ояндым, ішім әлі кептеліп тұр екен, омез ішіп, әрі-бері жүріп, қайта жаттым. Содан таңғы бесте шылқылдап терлеп жатып, оянып кеттім. Түсімде ауруханада жүрмін деймін. Бір ұйқылы, бір ояумын. Ішім қатты ауырып жатыр, әрең басымды көтердім. Бір кезде екі алақаным дуылдап қыши бастады. Іле-шала басым, табаным, одан кейін бүкіл денем қышыды. Жынданған адам сияқты қаси бердім. Маса шақты ма десем, оған ұқсамайды. Бір кезде үрленген қуыршақ сияқты ісіне бастадым. Тырс-тырс-тырсылдап барамын.

Тілім іси бастады, көзім жұмыла бастады. Енді сәл ғана қалғанда сөйлей алмай қалатын сияқтымын. Тілім кезеріп, аузыма сыймай барады. Мұның бәрі бірінен кейін бірі тез-тез болады екен. Ойланып үлгермейсің. Бір сұмдыққа ұшырағанымды сезген соң, бұл күй өзінен өзі тоқтамайтынына көзім жетті ме әлде қатты ауырсынудан ба, жанымды қоярға жер таппай, тізерлеп барып, жұбайымды ояттым", — дейді ол.

Журналист бір сұмдық жайттың боларын сезіп, жұбайына өзін құтқаруды өтіне бастағанын айтады.

"Бір кезде жаман, қорқынышты күй басталды. Ыңыранған, ыңырсыған дауыс шықты. Дем жетпейді. Не болып жатқанын түсіндіре алмайсың. Ішімнің ауырғаны сап тиылды да, қуық тұсымды солқылдатып кеткен ауру үдей түсті. Шылқылдап терлеп жатырмын, үсті-басым су-су. Бір сәтте тер тоқтады. Қалшылап, мұздай бастадым. Тісім тісіме тиіп сақылдап кетті. Денемнің қышуы қойған жоқ. Жұбайымның есі шығып кетті. Сабыр ет, тыныштал дей береді. Оған сенің денең де, миың да, ештеңе көнбейді. Тән сенің еркіңнен тыс өзінен өзі жынданып жатыр. Өлетін жерім осы екен ғой, деген ой келді. Сіңілімді шақыр, мамамды шақыр, дедім бір кезде қатты қиналғаннан. “Эдик, мені құтқаршы, маған көмектесші”, деймін көзімнен жас тоқтамай. Өзіме не болып жатқанын түсіне алар емеспін. Бір кезде жедел-жәрдем келді. Тамырымды таппай, барлық жерімді тесіп жатыр, тамырларым жарылып жатыр. Көнектей болып ісініп кеткенмін. Түрім адам шошырлық. Жамбасыма салды, гормон. Ауруханаға әкелді. Анафилактикалық шок. Қан қысымы түсіп кеткен, тағы қайталануы мүмкін, шұғыл түрде реанимацияға жатқызу керек, деді кезекші дәрігер. Тыржалаңаш шешіндірді. Қандай қорқынышты, үрейлі еді. Сөйтіп, реанимациядан бір-ақ шықтым. Ар жағын білесіздер. Әзірге неден екені белгісіз. Стресс, ацикловир, омез болуы мүмкін", — деп жазады Байсеміз.

Social Link

Follow Me On Social Media