Жоспарға сәйкес, нысандардың құрылыс-монтаж жұмыстары биыл басталады.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев 2024 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндап, жаңа теміржол вокзалдарының салынатынын жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Адайбек Қалиевтің айтуынша, өңірде "Маңғыстау" және "Бейнеу" теміржол вокзалын реконструкциялау жобасы жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының 2025-2026 жылдарға арналған кешенді даму бағдарламасына "Маңғыстау-Бейнеу" және "Маңғыстау-Өзен" теміржол учаскелерін дамыту бойынша бірқатар іс-шаралар енгізілді. Бүгінде облыстағы теміржол желілерінің өткізу қабілеті төмен. Атап айтқанда, "Маңғыстау-Бейнеу" учаскесінде тәулігіне 12-14 пойыз ғана өтеді, ал қажеттілік 20-22 пойызды құрайды.
Кешенді жоспар аясында облыстың теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін аяқталады.
Сондай-ақ, былтыр жергілікті маңыздағы 2 автожол қайта жаңғыртылып, 4 жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай басқарма басшысы Адайбек Қалиевке құрылыс мерзімі ұзаққа созылған бірқатар жолды тезірек аяқтап, тұрғындардың игілігіне беруді тапсырды.
Атап айтқанда, аудандық маңыздағы "Шетпе-Қызан" автожолының 49-85 шақырым және 85-110 шақырым учаскесінің реконструкциясы, "Жыңғылды–Шайыр–Шерқала мекені" автомобиль жолын реконструкциялау және Ақтау қаласындағы "Шығыс-2, 3" шағынаудандарындағы автомобиль жолын салу жобалары.