Қазақстанда оқып жатқан Әзербайжан әскери қызметкерлері орыс тілінде білім алудан бас тартты.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы, генерал-майор Асқар Мұстабеков мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы «Адырна«-ға сілтеме жасап.
haqqin.az интернет-басылымының мәлімдеуінше, Әзербайжан әскери қызметкерлері ҰҚШҰ аясында қазақ тілінде білім алуға ниет білдірген.
«Әзербайжанда олар әзербайжан, түрік немесе ағылшын тілдерінде оқиды. Осыған байланысты олар біздің университетімізде қазақ тілінде оқыту курстарынан өтуді қалады», — деді Асқар Мұстабеков.
Оның айтуынша, 1 қыркүйектен бастап университетте қазақ тілі курстары ашылады.
«Алдымен олар қазақ тілін оқиды. Курс 9 айға созылады», — деді ол.
Мұстабеков сондай-ақ бұл бағдарламалар университеттегі орыс тілі курстарына ұқсас түрде жасалатынын атап өтті.
«Қытай, Франция және Үндістан офицерлері университетте орыс тілін меңгеріп, содан кейін оқудан өтеді», — деді ол.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университетінде ҰҚШҰ елдерінен келген әскери қызметкерлер білім алуда. Онда әскери пәндер орыс тілінде оқытылады.