Әлемге әйгілі қазақстандық әнші, Қазақстанның халық артисі Димаш Құдайберген Ұлыбритания астанасы Лондонда тыңдармандарымен жүздесті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы 24.kz-ке сілтеме жасап.
Фан-кездесу ерекше ықыласқа толы өтті — сүйікті әртісін көру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда, АҚШ, Еуропа, Израиль, Бразилиядан жанкүйерлер арнайы келген.
Кездесу барысында Димаш алдағы «Stranger» атты жеке концертінің қараша айында Лондонда өтетінін ресми түрде хабарлады. Бұл жаңалық жанкүйерлерді ерекше қуантты. Айта кетейік, әнші бұл қалада соңғы рет 2018 жылы өнер көрсеткен болатын. Биылғы кеште 12 мыңға жуық көрермен жиналады деп күтілуде.
Фан-кездесу еркін форматта өтті. Қатысушылар әншіден сүйікті фильмі, тағамы және шығармашылығына қатысты түрлі сұрақтар қойды. Димаш ағылшын, орыс және қазақ тілдерінде еркін жауап беріп, шынайылығымен тәнті етті. Ол жанкүйерлеріне қазақ тілін үйренуге деген ықыластары мен ұлттық құндылықтарға құрметтері үшін алғыс білдірді.
Олардың кіршіксіз махабатына ризамын. Әлі күнге дейін мені қолдап, насихаттап жүргендеріне алғыс айтқым келеді. Диарстар қазақша сөйлейді, ана тіліміздегі әндерді жатқа біледі. Еліміз туралы бұрын аз білетіндер қазір Қазақстанға жиі саяхаттап келетін болды, – деді Димаш Құдайберген.
Кездесудің әсерлі сәттерінің бірі – Димаштың інісінің фортепианолық сүйемелдеуімен орындаған «Ұмытылмас күн» және «Махаббат бер маған» әндері болды. Залдағылар да қосылып, ерекше көңіл күймен бірге шырқады.
Айта кету керек, кездесудің алдында Димаш атақты Лара Фабианның концертінде өнер көрсетіп, екеуі бірге «Адажио» әнін шырқады. Бұл көрініс көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
Димаштың әкесі Қанат Айтбаев та алдағы концертке үлкен үміт артатынын жеткізді:
Осындай жанкүйерлердің қолдауының арқасында күзде жоғары деңгейде концерт өтеді деп сенеміз. Амандық болса, барша көрерменді сол кешке шақырамын, – деді ол.