Батыс Қазақстан облысында бір отбасы мүшелері 20 млн теңгесін алаяққа беріп жіберген. Құқық қорғау органдары жан-жақты алдын алу шараларын жүргізгенімен, қаскөйлерге сеніп қалатындар азаяр емес. Жыл басынан бері 190 адам алаяққа алданып, 300 млн-ға жуық теңге шығынға ұшыраған.
Ең бірінші Теректі ауданының тұрғыны Жанаргүл Бауыржанқызының жолдасы алаяқтың құрығына түседі. Оған белгісіз біреулер «Қазпошта» өкіліміз, сізге сәлем-сауқат келді» деп хабарласады. Күйеуі бұған қоңырау шалып, ешқандай тапсырыс бермегенін анықтайды. Полиция бөлімшесіне бара жатқан кезде «Ішкі істер министрлігінің қызметкеріміз» деген тағы біреу «сіздің атыңызға несие рәсімдеп жатыр» деп күмәнді операцияларды орындатады. Жалған Ұлттық банк операторымен де сөйлесіп үлгереді. Бірақ құпия тергеу жүріп жатқанын айтып, ешкімге хабарламауын ескертеді.
Жанаргүл Бауыржанқызы, Теректі ауданының тұрғыны:
Артур Талиев деген кісі шықты «сіздің жолдасыңыз алаяқтарға алданды, оның атына кредит рәсімделді» деп. Содан олар мені сендірді. Әрі қарай барлығымыз қайнағам бар, отбасымызбен алдандық. 20 млн теңгенің көлемінде. Депозиттегі ақшамыз кетті. Және 14 млндай несие рәсімдеген бізге. 3 наурызда ма басталды. Содан ең соңында алданғанымызды 31 наурызда білдік.
Сөйтіп бір отбасының мүшелері бір ай бойына алаяқтарға алданып жүреді. Өйткені олар сөзге шешен, өте сенімді сөйлейді дейді кейіпкеріміз. Бұған дейін полицейлер жұмыс орындарына барып, түсіндіру жұмысын жүргізген. Алайда алаяқтардың айласына құрық бойламайды. Жыл басынан бері 190 адам жапа шегіп, 300 млн теңгеге жуық шығындалған.
Артур Мұсағалиев, облыстық Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:
Төрт зейнеткеріміздің пәтерін саттырып жіберді. Осылай алдау кезінде «жедел іс-шара өтіп жатыр» деп, ақшаны алаяқтардың есепшотына салады. Бір зейнеткерге 36 млн шығын келтірді. Оның 16,5 миллионы тек пәтерін сатқан ақша. Полиция видеомен шығып, ешқандай жедел іздестіру іс-шарасын жүргізбейді.
Ал Қостанайда жапа шеккен тұрғын басқа біреуді алаяқтың арбауынан аман алып қалды. Бейнебаянда ер адам қолындағы 3 млн теңгесін беймәлім есепшотқа салып жіберуге шақ қалған. Жалпы облыста 700-ден астам тұрғын 3,2 млрд теңгесін алаяқтарға ұстатып жіберген. Ал полицейлер тұрғындарға ешқандай банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлері ешқашан бейнеқоңыраумен хабарласпайтынын, кезекті рет сақ болуын қатаң ескертеді.
Ардақ Мұратқызы