Бүгін Вашингтон қаласында АҚШ армиясының 250 жылдығына арналған ауқымды әскери шеру өтеді. Оған елдің түкпір-түкпірінен келген 7000-ға жуық сарбаз қатысады. Бірақ дәл бүгін сондай ақ, елдің бүкіл штатында Трамптың саясатына қарсы жаппай наразылық шаралары жоспарланған.
Жалпы, АҚШ – әскери парадтарды жиі өткізетін ел емес. Соңғы рет мұндай шара 1991 жылы ұйымдастырылған екен. Яғни, араға отыз төрт жыл салып, Трамп өзінің 79 жасқа толған туған күнінде бұрын-соңды болмаған ауқымда әскери шеруді өткізуді жоспарлап отыр. Мыңдаған сарбаздан бөлек, 150-ге жуық әскери техника сап түзеп өтіп, 50-ден астам ұшақ пен тікұшақ Вашингтон аспанында қалықтамақ. Ұйымдастырушылар 200 мыңнан астам қонақ келеді деп күтіп отыр. Қауіпсіздік мақсатында 30 шақырымға жуық темір және бетон қоршаулар, металл детекторлары мен дронға қарсы қондырғылар, жасанды интеллект негізіндегі бақылау жүйелері орнатылған.
Мэтт Маккул, АҚШ Құпия қызметінің бөлім жетекшісі:
Біздің миссия – жай ғана іс-шараны күзету емес, қоғамның сенімін нығайтып, әрбір адамның өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау. Құпия қызмет пен серіктес ұйымдар әрбір қонақтың алаңсыз серуендеп, қауіпсіздікте болуын қалайды. Сондықтан біз ештеңені назардан тыс қалдырмаймыз.
Бірақ салтанатты шараның жаппай наразылық шеруінің көлеңкесінде қалып қою қауіпі бар. Миллиондаған америкалық әскери парадқа қарсы көшелерге шықпақ. Халық мұндай дәстүр Солтүстік Корея мен Ресей секілді елдерге тән дүние деп Трампты сынға алды. Жалпы, «No Kings» яғни «Патшаларға жол жоқ» қозғалысы Ақ үйдің саясатына, оның ішінде иммигранттарды жаппай депортациялау әрекетіне қарсы бүкіл ел бойынша мың бес жүз қалада наразылық акциясын өткізбек. Алайда, Трамп тойдың шырқын бұзатындарға жедел тойтарыс береміз деп ескертіп үлгерді.
Жалғас Сәдібекұлы