akorda.kz
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Орталық Азия – Қытай» гуманитарлық форумына қатысты. Шара Қытай Медиакорпорациясының бас директоры Шэнь Хайсюн мен Президент Телерадиокешенінің ұйымдастыруымен өтті.
Жиынға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің мемлекеттік органдары мен жетекші медиақұрылым басшылары қатысты. Отырыс барысында Мемлекеттік кеңесші форум қатысушыларына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық тату көршілік және мәңгі достық рухында дамып келеді. Тереңнен тамыр тартатын шынайы серіктестігіміз бүгінде стратегиялық сипат алып, мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Мәдениет – халықтар мен өркениеттерді жалғайтын алтын көпір. Екі елдің бірлігін бекемдеу жолында мәдени-гуманитарлық байланыстар айрықша рөл атқарады. Сондықтан біз осы бағыттағы өзара ынтымақтастығымызды күшейтуге ерекше мән береміз.
Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салаларда жүзеге асып жатқан маңызды реформаларға тоқталды. Ерлан Қарин аталған форум Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді.