Израиль мен Иран қақтығысы әлемді шошытып отыр.
Канадада өткен «Үлкен жетілік» саммиті де осы мәселені сөз етті. Бірақ қақтығысты бәсеңдету жолдарын әркім айтқанмен, ортақ мәміле жоқ.
Өйткені АҚШ президенті Дональд Трамп бірлескен мәлімдемені қолдаудан бас тартқан.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия және Жапония көшбасшылары үш негізгі мәселені талқылады. Олар: Израиль мен Иран арасындағы қақтығыстың шиеленісуі, АҚШ-тың сауда саясаты және маңызды минералдардың жаһандық қауіпсіздігі.
Таяу Шығыстағы жағдай бірінші отырыстың басты тақырыбына айналды. Көшбасшылар дереу шиеленісту бәсеңдетуге үндеді. Франция президенті аймақ үлкен соғыс алдында тұрғанын айтып, гуманитарлық дәліз ашуды ұсынды. Ұлыбритания премьер-министрі батыстың пікірі бір жерден шығу қажет деп атап өтті. Бірақ АҚШ президенті бірлескен мәлімдемені қолдаудан бас тартып, тараптарды тек келіссөздерге шақырумен шектелді. Бұл өз кезегінде Еуропа көшбасшыларының наразылығын тудырды.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
- Иран бұл соғыста жеңіске жетіп жатқан жоқ. Олар өзара сөйлесуі керек. Кеш болмай тұрғанда дереу сөйлесуі керек.
Күннің екінші жартысында саммит қатысушылары экономика және сауда мәселелерін талқылады. АҚШ Канаданың сирек металдарына кең көлемде қол жеткізу үшін сауда келісімін талқылауға дайын екенін айтты. Сонымен қатар көшбасшылар Қытайға деген тәуелділікті азайту мақсатында маңызды минералдарды жеткізу тізбегін жетілдіруге арналған жоба жоспарын мақұлдады.
Марк Карни, Канада премьер-министрі:
- Барлық мәселе бойынша ортақ келісімге келмеуіміз мүмкін. Бірақ ынтымақтастық орнатқан салаларда халқымыз үшін және әлем үшін жағдайды айтарлықтай жақсарта аламыз деп ойлаймын.
Трамптың Ресейді «Үлкен жетілікке» қайтару туралы мәлімдемесі саммит қатысушыларының наразылығын туғызды. Ақ үй басшысы Мәскеудің ұйымнан шығарылуы қателік деп атады. Еуропа көшбасшылары бұл ұсыныстың Украинадағы қақтығыс аяқталмайынша қабылданбайтынын айтып, санкцияларды күшейтуге шақырды. Саммитте сондай-ақ климат пен жасанды интеллектті реттеу мәселелері қозғалды.
Бүгін саммит жалғасын табады. Екі күннің нәтижесі кешке жария етіледі. Бірақ қорытынды мәлімдеме жасалмайды. Өйткені негізгі мәселе бойынша қатысушылар ауызбіршілік таныта алмай отыр.
Ғалымжан Қараманұлы