Балқаш қаласындағы стратегиялық маңызы бар әуежайда күрделі жөндеу қарқынды жүріп жатыр.
Тіпті алғашқы кезеңі аяқталып, бірқатар нысан толық жаңартылды.
Құрылысшылар енді әуежай ғимаратының ішкі-сыртқы келбетін жаңартуға кірісті. Әуежай қызметкерлері мен техникалық бөлімшелер үшін арнайы тұрақ кешені де салынып жатыр.
Балқаш әуежайы 1967 жылы салынған. Бұған дейін мұнда күрделі жаңғырту жұмыстары болмаған. Бүгінгі таңда жалпы аумағы 114 мың шаршы метр ұшу жолағы түгел бетондалып, перроны ретке келтірілді. Бұған қоса әуежай ғимаратына заманауи қондырғылар орнатылып жатыр. Басты мақсат — Балқаш көліне келген туристерге жоғары сапалы қызмет көрсету.
Мейрамбек Мырзахметов, Балқаш әуежайының директоры:
- Заманауи сигналдық жабдық орнатылды. Қауіпсіздік бүйір жолақтары, перрондағы дренаждық жүйелер жабдықталды. Аэровокзал ғимаратын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жоба бйоынша аумағы кеңейтіледі.
Әуежай ғимараты бұрынғыдан 900 шаршы метрге ұлғайтылған. Енді жолаушылар қабылдау мүмкіндігі артады. Келешекте сағатына 80 адамға дейін қызмет көрсетілетін болады. Жаңадан Шымкент, Түркістан және Жезқазғанға рейстер қосылады. Қазір мұнда қызметтік техникалар тұрағы да салынып жатыр. Оның құрылысы шілде айында аяқталады.
Сымбат Амантай, құрылыс учаскесінің басшысы:
- Қазір ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары басталып кетті. Инженерлік желілер түгел тартылған. Су, тоқ келіп тұр. Құрылыс материалы, жұмыс күші жеткілікті. Кестеден кешіккен жоқпыз.
Жаңғырту жұмыстары біткен соң мұнда жылына 40 мың жолаушыға қызмет көрсетілетін болады. Құрылысты биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Әуежайдың инфрақұрылымын жақсарту қала мен туристік аймақты дамытуға зор мүмкіндік береді.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақакмбаев, Аман Хамит