What are you looking for?

Темза өзенінің түбінен табылған жәдігерлер көрмеге қойылды

20.06.2025

Темза өзенінің түбінен табылған заттар көрмеге қойылды .

Арасында көне тиындардан бастап орта ғасырлардағы адамдардың әшекей бұйымдарына дейінгі дүниенің бәрі бар.

Бұл көрме келер жылдың наурызына дейін жалғасады.

"Темза сырлары" атты көрмеге 350-ден аса жәдігер қойылған. Мұнда көне ескерткіштер мен тиындар, жүздеген жыл бұрын өмір сүрген балалардың ойыншықтары, орта ғасырлардағы әшекей бұйымдар мен ыдыс-аяқ, Тюдорлар дәуірінің киімдері, тіпті викингтер заманының пышағын да көруге болады.

Луиза Дуарте, реставратор:

"Біраз бұйымның жақсы сақталғанын айта кету керек. Оттегі заттардың тез бүлінуіне әсер етеді. Бірақ өзеннің бір жеріне ол жетпеген болуы керек. Заттардың шіріп кетпеуінің себебі де осы".

Ең қызығы, көрмеге қойылған заттарды мадларктер жинайды. Кезінде су түбінен тапқан заттарды сатып күнін көрген қайыршыларды осылай атайтын. Ал қазір мадларктер — арнайы оқудан өткен адамдар. Олар су түбіндегі құнды заттарды іздеумен айналысады. Лондонның өзінде осындай 5 мыңдай маман бар.

Тим Миллер, мадларк

"Бағалы заттарды іздеуге көп уақыт кетеді. Өйткені судың әсерінен олардың алғашқы кейпі сақталмайды. Мысалы, күміс тиындар қарайып кетеді. Бірақ уақыт өте келе өзге бұйымдардың ішінен құнды дүниені ажыратуды үйренесің".

Ғалымдар Темза түбінен тіпті тас ғасырында өмір сүрген адамдардың сүйектері де табылғанын айтады. Өйткені өзенде ғасырлар бойы діни рәсімдер жүргізіліп келген екен.

Жұлдыз Атагельдиева, Райхан Серикова

Social Link

Follow Me On Social Media