What are you looking for?

Қызылордалық полицейлер әулетінің еңбек өтілі 158 жылдан асты

23.06.2025

Қызылордалық Мұхтаровтар әулетінің үшінші буыны ішкі істер органдарында абройлы қызмет атқарып келеді.

Полицейлер династиясының жалпы еңбек өтілі 158 жылдан асқан. Шаңырақтың тірегі Абдулла Мұхтаров бұл салада 28 жыл тер төгіпті.

Сақшылар әулетінің үлкені Абдулла Мұхтаров ішкі істер органдарында 28 жыл қызмет атқарған. Қылмыстық іздестіру қызметінің инспекторынан бастап, Сырдария аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, қалалық күзет қызметі басқармасының бастығы лауазымына дейін сатылай өскен. Бүгінде 86 жастағы сала ардагері өзінің ізін жалғаған балалары мен немерелеріне үнемі өнегелі өсиет айтып отырады.

Абдулла Мұхтаров, ішкі істер органдарының ардагері:

- Қазір, шүкір бес ұл, екі қыздан 28 немере, 28 шөбере бар. Менің жолымды қуған төрт балам үшеуі полковник, біреуі подполковник қызметін жасап, зейнетке шығып отыр. Соларға кездескен сайын ақылымызды айтып, жақсы жүріп, таза жүруге ескертіп, ақыл айтып отырамыз. Кішіпейіл болуға, сабырлы болуға, мейірімді болуға балаларды бағыттап, тәрбиелеп отырамыз.

Әке жолын жалғаған балалары тергеу саласында тер төгіп, бүгінде зейнетке шығып отыр. «Мінсіз қызмет атқарып, абырой биігінде болуымызға әке тәрбиесі тікелей әсер етті», дейді олар.

Әбдіхалық Мұхтаров, ішкі істер органдарының ардагері:

- Әкеміздің берген тәрбиесін, қағидасын бойымызға сіңіріп, осындай қызмет атқардық. Соның арқасында абыроймен қазіргі күнде зейнеткерлікке шығып, бейнетіміздің зейнетін көріп отырған жағдайымыз бар. Балдарымызда кішкентайынан біздің форма киіп жүргенімізді, нысанды киім киіп жүргенімізді өздеріне мақсат тұтты ма, өздері таңдап, өздері сүйіп, осы жұмысты атқарып жатыр.

Бүгінде бұл әулеттің 5 немересі мен 2 келіні құқық қорғау саласында жауапты қызмет атқаруда. Барлығы да жоғарғы білімді заңгерлер. Соның бірі аға лейтенант Жасұлан Мұхтаров Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушісі. Ал оның жары Назым Оразбек ақпараттандыру және байланыс басқармасының инспекторы.

Жасұлан Мұхтаров, ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушісі:

- Тергеу саласы Ішкі істер органдарындағы ең маңызды қызметтің бірі болып табылады. Яғни күн-түнді таңдамайтын, төзімділік пен сабырлықты қажет ететін қызмет саласы болып табылады. Өте үлкен жауапкершілік жүктейді. Себебі біздің мойнымызда бір адамның тағдыры, екінші адамның үміті деген сияқты нәрселер қатар жүреді. Оның барлығын алып жүру – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс.

Жеке бастың ғана емес, әулеттің абыройы мен аманатын арқалап жүрудің жауапкершілігі зор. Сондықтан құрметті де, қауіпті қызметті мінсіз атқару, ел тыныштығын сақтау – басты міндетіміз, дейді жас буын. Мұхтаровтар әулетінің құқық қорғау саласындағы жалпы еңбек өтілі 158 жылдан асып барады.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев

Social Link

Follow Me On Social Media