Ақтөбеде халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің өз қолымен жасаған домбырасы бар.
Үйеңкі, қайың, еменді кіріктіріп күйін келтірген аспап небір заман өтсе де сақталып бүгінге жеткен.
Қазір көне аспап қалпына келтіріліп жатыр. Домбыраның жөндеуін өзге емес жыраудың өз шөбересі Нұрбек Байғанин жергілікті жоғарғы оқу орнының ұстаздарымен бірге қолға алған.
Нұрбек Байғанинге бұл домбыра арғы атасынан мұра болып қалған. Халық ақыны оны өзінің ұлы Момынға жасап беріпті. Содан бері әбден ескірген аспап бір рет жөнделген. Осымен екінші мәрте қалпына келтірілгелі жатыр.
Нұрбек Байғанин, Н.Байғаниннің шөбересі:
- Қазіргі кезде көп жыл өткеннен кейін артқы жағы кетіп қалған және ортасына ағаш ұстайтынына тиегімен бірге кетіп қалған. Және де құлақ жағынан сына бастаған ааажәне осыны қалпына келтіріп жатырмыз.
Үйеңкі, қайың, емен ағаштарынан жасалған домбыраны жөндеу оңай шаруа емес. Ұзақ әрі тыңғылықты жұмысты талап етеді. Шеберлер аспаптың күмбірлеген үнін жоғалтып алмауға баса назар аудармақ.
Жәнібек Есенғұлов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушысы:
- Көп жыл тұрған домбыра қақсыған. Қақсыған деген ол клейлері кете бастаған. Шанақтары жарыла бастаған. Соны қайтадан тазартып, оны бірінші бет тақтайын алып, пышақтың ұшын қыздыра отырып бет тақтайын аламыз. Алғаннан кейін ішіндегі шанақтарын орын орнына қайтадан кілейлеп, резинкамен тартып қыстырып отырамыз. Содан кейін өзінің орнына бәрін қайта қайта жинаймыз.
Нұрпейіс Байғаниннің үш домбырасы болған. Соның екеуі музейде, біреуі өз ұрпағының қолында. Шөбересі ұлттық аспапты қалпына келтірген соң отбасылық жәдігер ретінде сақтап қоймақ.
Шыңғыс Қалиден, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков