Сенат спикері Мәулен Әшімбаевқа Қазақстан Парламентінің кезектен тыс сайлауы туралы қауесетке қатысты сұрақ қойылды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, шынында да, мұндай ақпаратты таратқандар болуы мүмкін.
"Мұндай әңгімелер көп тарап жатыр деп айта алмаймын, мүмкін біреу таратқан шығар. Бірақ, көріп отырғандарыңыздай, мерзімінен бұрын сайлау өтеді деп айтуға ешқандай негіз жоқ", – деді ол Сенат дәлізінде.
Сенат спикері кейде Сенат пен Мәжілісті біріктіру туралы әңгімелер айтылатынын да мәлімдеді.
"Менің ойымша, бұл жай идея тастап, мағынасыз пікірталас туғызады. Біз елдің дамуы, экономикамыз бен бизнесімізді дамыту секілді маңызды мәселелерге назар аударуымыз керек", – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақырған болатын. Ол 27 маусымда сағат 10:00-де Астанада өтеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!