What are you looking for?

Қытайда ұшатын көліктер қолданысқа беріледі

27.06.2025

Қытайда дрон саласы қарқынды дамып келеді. Әсіресе елдің оңтүстік-шығысындағы Шэньчжэнь қаласы көш бастап тұр. Мұнда ұшу аппараттары тамақ тасудан бастап адам тасымалдауға дейін қолданылады.

Мынау ұшатын электрлі такси. 100 метр биіктікке көтеріліп, сағатына 130 шақырым жылдамдықпен ұша алады. Тұрғындар онымен Шэньчжэннен оңтүстікке қарай 150 шақырымдай жерде орналасқан Чжухай қаласына 17 минутта-ақ жетеді. Әдетте бұл шаһарға көлікпен барсаң, 3 сағат уақыт кетеді. Ұшатын такси алғаш рет былтыр Шэньчжэнь қаласында сыналды. Енді қажетті инфрақұрылым жүйелері құрылып жатыр. Ал 2030 жылға таман көрші елде 100 мыңға дейін ұшатын көлік қолданысқа берілмек.

Чжао Вэньцзюань, өнеркәсіптік қауымдастық өкілі:

- Біз алғашында қала маңындағы аудандардан бастадық. Кейін қаланың ішінде де қызмет көрсетуге кірістік. Ұшу аппараттары әуелде жүкті жеткізуге ғана қолданылып келген еді. Енді адамдарды тасымалдауға дайындалып жатырмыз.

Шэньчжэньде ұшу аппараттары ауыл шаруашылығы саласында кеңінен пайдаланылады. Мұнда дрондардың көмегімен егіс алқаптарына дәрі себіледі. Бұл тыңайтқыштарды үнемдеуге көмектеседі. Оларды қолданғаннан бері егіс алқаптарынан жиналатын өнім де артқан. Сонымен қатар дрон адамдарды алмастырып, жұмыс күшінің тапшылығын шешуге септігін тигізген. Ал қалада дрондар тамақ тасу үшін жиі қолданылады. Өткен жылдың соңында жергілікті бірлестік ұшу аппараттарының көмегімен азық-түлік тасымалының 50-ден аса бағытын іске қосты. Қызметке сұраныс артып, 200 мың тапсырыс орындалған.

Ли Шипен, Цифрлық экономика ғылыми-зерттеу институтының бөлім басшысы:

- Статистикаға сүйенсек, былтыр қазан айында Шэньчженьде дрондар орта есеппен күніне 8 мың рет ұшырылатын. Әлем елдерінің бірде-бір қаласы әлі мұндай көрсеткішке жеткен жоқ.

Жалпы кейінгі жылдары Қытай билігі төмен биіктікте ұшатын аппараттарды дамытуға ден қойып жатыр. Ол биотехнология, жасанды интеллект және 6G байланысымен қатар экономиканың маңызды бағытының бірі деп танылған.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Райхан Серикова

Social Link

Follow Me On Social Media