Үкімет өз жұмысында мемлекет мүдделерін әрдайым бірінші орынға қояды.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуына қатысты есебінде осылай деді. Осы ретте үкімет 3 жылда бюджет тапшылығын төмендету тетігі туралы айтты. Оны іске асыратын нақты мақсат бар. Жалпы былтыр қазынаға 19,6 трлн теңге түскен. Жоспар 97,2%-ға орындалған. Төмендеуі үшінші елдерден импорттың азаюы және Теңіз кен орнында кеңейту жөніндегі жобаны іске қосудың кейінге қалдырылуына байланысты болған. Бірақ Олжас Бектенов мемлекет өз міндеттемелерін толық көлемде орындап жатқанын жеткізді.
Үкімет 3 жылда бюджет тапшылығын 2 есеге жуық төмендетеді. Соның бірегей жолы – салық базасын кеңейту. Бұл жүйелі іске асырылса экономикалық өсім де тұрақты болады, — деді Олжас Бектенов.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет өз міндеттемелерін толық көлемде орындап жатыр, орындайды да. Бұған ешқандай күмән бізде жоқ. Қазір біз келесі 3 жылға арналған республикалық бюджет жобасын дайындап жатырмыз. Өте қызу жұмыс жүріп жатыр. Алдын ала айтатыным, біз 2026 жылы бюджет тапшылығын қазіргі 2,7 пайыздан 2,5 пайызға дейін, 2027 жылы 1,8 пайызға дейін, 2028 жылы 1,4 пайызға дейін төмендетеміз деп жоспарлап жатырмыз.
Кірісті кемітетін тағы бір кеміргіш – көлеңкелі экономика. Қомақты қаржыны жолдан қарпып, бюджет қоржынынан қағып қалады. Бірақ былтыр күрес күшейіп, көздеген мақсаттан да көбірек нәтижеге қол жеткен. 1 трлн 200 млрд теңге түскен. Бұл 2023 жылға қарағанда 350 млрд теңгедей артық. Ал жалпы ішкі өнім 5 пайызға жуық артқан.
Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:
- Бұл негізінен мұнай секторы өсуге негізгі үлес қосты. Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6%-ға өскенін хабарлады. Шоғырландырылған бюджеттегі мұнайға қатысты емес кірістердің үлесі, өткен жылы 2,5 пайыздық тармаққа өсті. Инфляция деңгейі 9,8%-дан 8,6%-ға төмендеді.
Экономиканың басым салалары аталды
Жалпы Президент Үкімет алдына экономиканы әртараптандыру талабын қойды. Өңгеретін емес, өткізетін елге айналу керек деген міндет те жүктеді. Соның реті келгенде депутаттар іркілмеді.
Серік Шайдаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Экспорттаушыларды мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне талдау жүргізілді ме? Өз міндеттемелерін орындамайтын компаниялардың саны неге өсуде? Сіздің ойыңызша қазақстандық экспорт құрылымын әртараптандыру үшін не қажет?
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Шикізаттық емес экспортты арттыру үшін нысаналы көрсеткіш 2030 жылға дейін 52 млрд долларға жеткізу. Ол жалпы экспортты алсақ 45 пайыз болады. Сонда біз Үкімет тарапынан қайда барамыз, немен барамыз, кіммен барамыз бәрін біліп отырмыз. Нақты шаралар қолданып жатырмыз. Оның ішінде біріншіден біздің өндірушілер санын көбейту.
Енді үкімет жылдық есепті өзгеше береді. Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын орындауы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік қаржы статистикасын жетілдіру көзделген. Онда Ұлттық қорды пайдалану, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарлары жайлы ақпарат қамтылады. Болжау, тәуекел, лимиттерді айқындау мен мониторинг сияқты міндеттерді кешенді басқару институты енгізілді.
Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы:
- Жалпы Үкімет Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын орындау бағытындағы жұмысын арттырды. Өткен жылғы ұсынымдардың жартысына жуығы іске асырылды, жыл соңына дейін тағы бесеуі орындалады.
Нысаналы Ығыл, тілші:
- Біткен іске сыншы көп. Дегенмен депутаттар көтерген мәселені Үкімет басшысы жоққа шығармады. Тек проблемалар кеше-бүгіннің емес, жылдар бойы қордаланғанын қаперге салды. Бастысы экономикалық ахуал тұрақты екеніне тоқталып, биыл 5 айда көрсеткіш 6 пайызға өскенін жеткізді. Ал жағдайдың одан әрі түзелуіне жаңа салық кодексі көмек беруі тиіс. Келер жылдан республикалық бюджетке 3 трлн теңгеден аса түсім күтіледі. Қаражат толығымен инфрақұрылымдық нысандарды іске қосу, электр қуаты көздерін, көлік және теміржол желісін дамытуға және инженерлік желілерді жаңғыртуға жұмсалады.
Нысаналы Ығыл, Ержан Қанапияұлы