What are you looking for?

Тараздағы жылу желілерін жаңартуға ₸10 млн бөлінді

01.07.2025

Таразда жылу желілерінің 70%-ке жуығы тозған, деп хабарлайды 24KZ. Салдарынан қыста ескі құбырлар жиі жарылады. Қазір шаһардағы ескірген желілер жаңартылып жатыр. Бұл мақсатқа республикалық қазынадан 10 миллиардтан астам теңге бөлінді.

«М-1» жылу магистралі 35 жыл бұрын салынған. Сол кезеңнен бері күрделі жөндеу көрмеген. Пайдалану мерзімі 10 жыл бұрын өтіп кеткен. Ұзындығы 6 шақырымнан асатын желінің былтыр 4,5 шақырымы жаңартылды. Қазір қалған бөлігі жөнделіп жатыр.

Ермек Қалдыбеков, құрылыс учаскесінің бастығы:

- Біз құбырды ашқан кезде іші өте нашар еді. Көп жерде шірік, деформациялық тігістер. Сондықтан ол құбырды алып ауыстырдық.

Қазір мұндағы жөндеу жұмыстары 75% орындалды. Құрылыс барысымен Мәжіліс депутаттары танысты. Олар жылу желілерінен бөлек, шаһардағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, ауыл тұрғындарымен кездеспек.

Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осы жердегі келген мақсатымыз – салынып жатқан мектептер, күрделі жөндеу жасалып жатқан мектептер, денсаулық обьектілерін қарап және салынып жатқан кәсіпорындардың құрылысымен танысу. Олардың да мерзімі бар. Солардың бәрін көріп, қандай мәселелер бар, тұрғындармен жеке қабылдау да өткіземіз.

Гүлдара Нұрым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Шу ауданында Дулат ауылдық округінде іске қосылмағанына 5 жыл болды. Сол ауылдың тұрғындары қанша наразылық білдіріп, осы мәселені көтерді. Енді қазір ол мәселе шешімін тауып жатыр. Осы сапарда сол ауылға арнайы барып, сол ауылдағы каналдың қандай деңгейде, сапасы қандай, соның бәрін қараймын.

Ал «М-1» жылу магистраліндегі құрылыс жұмыстары жылыту маусымы басталғанша аяқталады. Бұдан бөлек, биыл «М-3» жылу желісінің 1,5 шақырымы ауыстырылады. «Ұлы Дала» шағынауданындағы жылу трассасын кеңейту жұмыстары да аяқталуға жақын.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейлхан

Social Link

Follow Me On Social Media