What are you looking for?

Оңтүстік Кореяда аптап ыстықтан 5 адам көз жұмды

04.07.2025

Күн сайын 100 адам медициналық көмекке жүгініп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Ауа температурасы бірнеше күннен бері 35 градустан асып тұр. Ел аумағы үш теңізбен қоршалғандықтан, ылғалдылық өте жоғары. Сол себепті тұрғындардың тыныс алуы қиындап, денсаулықтарына кері әсерін тигізуде.

Владислав Цой, тілші:

- Оңтүстік Кореяда бір айдан бері күн қатты ыстық әрі ылғалды. Биыл аптап ыстық әдеттегіден бір ай ерте басталды. Осы аралықта 650 адам зардап шекті. Дені күн өту салдарынан жапа шегуде. 5 адам көз жұмды. Қайтыс болғандардың басым бөлігі егде жаста. Төтенше жағдайлар қызметі күн сайын барлық тұрғындардың ұялы телефондарына далада көп жүрмеу және үйде болу жөнінде хабарлама жібереді. Дәрігерлерге жүгінетіндердің саны артты. Негізінен науқастар ұйқысыздық пен әлсіздікке шағымдануда. Күн өтуден сақтану үшін дәрігерлер көбірек су ішуге, артық тамақтанбауға, ұйықтар алдында алкоголь мен кофеин тұтынбауға кеңес береді.

Ким Хе Юн, профессор:

- Жоғары ылғалдылық адамды ашуланшақ етеді, күйзелісті күшейтеді және психикалық денсаулыққа теріс әсер етеді. Тағы бір маңызды мәселе температура мен ылғалдылықтың күрт өзгеруі және қоршаған орта жағдайының ауысуы жүрек-қантамыр ауруларын тудыруы мүмкін. Инсульт жазда қыстан гөрі жиі кездеседі, мұндай науқастар саны айтарлықтай артты.

Қазір Корея қалалары мен провинцияларының билігі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Елде салқын ауада тынығуға болатын 68 мың арнайы паналау орны орнатылған. Сеулдің барлық аудандарында «ақылды» аялдамалар бар – олар күн сәулесінен қорғайды және ішінде желдеткіш құрылғысы жұмыс істейді. Сонымен қатар, субұрқақтар мен су бүріккіш өсімдік туннельдері іске қосылды. Бұдан бөлек, жаяу жүргіншілер күннен қорғану үшін қиылыстарда орнатылған үлкен қолшатырлардың астына паналай алады.

Бүгін елде ең жоғарғы температура 36 градусқа жетеді деп күтілуде. Аптаптың қашан аяқталатыны әзірге белгісіз. Дегенмен, Кореяның ауруларды бақылау және алдын алу орталығының хабарлауынша, өткен ай метеорологиялық бақылау жүргізіле бастаған 1973 жылдан бергі ең ыстық ай болды. Орташа температура 22,9 градусты құрап, бұл жылдық орташа көрсеткіштен 1,5 градусқа жоғары болды.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Social Link

Follow Me On Social Media