Өзбекстанда сирек кездесетін аң-құстарды сату фактілері азаймай тұр.
Былтыр осындай 248 жағдай тіркелген. Әккі ұрылар, шекара бекеттерінде түрлі тәсілдер қолданып, айласын асыруда. Шекара қызметкерлері болса, сирек жануарларды қорғайтын «Ситес» халықаралық конвенциясының ережелері бойынша, тексеріс жүргізеді. Бірақ оның тиімділігі көзге көрінбей жатыр дейді.
Ташкент әуежайында Вьетнамнан келген жолаушының жүгі күдікке ілінді. Тексере келгенде 12 тірі құс тәркіленді. Күдікті қоректілерді жеміс жидектің арасына тығып әкелген. Мұндай фактілер соңғы кезде көп тіркеліп жатыр. Шекара қызметкерлерінің сирек кездесетін аң- құстарды терең тануға мүмкіндіктері бола бермейді. Сондықтан жаңа жобаға зоолог мамандар тартылып отыр.
Тимур Абдураупов, Өзбекстан ғылым академиясы зоология институтының бас маманы:
- Біз 24 сағат жұмыс істейміз. Шекара бекеттерінен түннің бір уағында хабарласқан жағдайлар тіркелді. Әуежайға барып, күдікке ілінген аң құстарды,балықтарды тексереміз. Егер бекет тым алыс болса, тауарлар Ташкенттегі зообаққа жеткізіледі. Сол жерде анықтап, тиісті хаттама толтырамыз. Заңсыз тасымалмен айналысатындар қарапайым жолаушы емес.
Қызыл кітапқа енген аң-құстарды үй жағдайында ұстау Өзбекстанда қазір сәнге айналды, дейді мамандар. Африкалық арыстан, нілдің қолтырауыны, жолбарыс сияқты жыртқыштар аң иесінің беделін көрсететін көрінеді.
Адыл Мамаджанов, Өзбекстан шекара комитетінің басқарма басшысы:
- Біз «ситес» конвенциясының шарттары бойынша жұмыс істеп келдік. Әрине қиындықтар болды. Себебі әлемдегі сирек кездесетін барлық аң-құсты ажыратып, оны білу мүмкін емес. Енді қатарымызға зоологтар қосылып отыр. Кәсіби мамандармен бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз.
Әлемде ерекше қорғауға алынған аң-құстарды, сүтқоректілер мен өсімдіктерді елден елге заңсыз тасымалдау фактілері жылдан жылға артып отыр. Ал көлеңкелі бизнестегі қаржы айналымы триллиондаған долларға жеткен. Жануарларды қорғайтын халықаралық ұйымдар болса, мемлекеттердің қатаң шаралар қолдануын сұрап отыр.
Дулат Нуркин