Биылғы жарты жылда Маңғыстау, Ұлытау облыстары, Алматы және Шымкент қалаларында есірткі дүкендерін ұйымдастырушылардың қылмысы әшкереленген, деп жазады Egemen.kz.
Прокуратура органдарының үйлестіруімен есірткі және психотроптық заттарды жеткізудің 111 арнасының жолы кесілді. Синтетикалық есірткі өндіретін 21 зертхана және құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 125 (45) фактісі анықталып, жойылған. Заңсыз айналымнан 9 тонна есірткі (оның ішінде 254 кг синтетикалық есірткі) және 12 тонна (105 кг) прекурсорлар тәркіленген. Есірткі және прекурсорлар контрабандасының фактілері 182-ден 80-ге дейін, 56%-ға төмендеген.
Сондай-ақ, құны 2,3 миллиард теңгеден асатын 98 мыңнан астам есірткі шоты бұғатталған.
«Барлық іс бойынша қаржылық тергеу жүргізу, соның ішінде, қылмыстық ақшаны, есірткі бизнесінің түпкілікті бенефициарлары мен ұйымдастырушыларын, сондай-ақ «dropper» аударымдары және басқа да заңсыз операциялар үшін банктік шоттарын ұсынатын азаматтарды анықтау туралы нұсқау берілді», делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Құқық қорғау және мемлекеттік органдар «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы есірткі дүкендерін бұғаттау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінде 6 мыңнан астам есірткі сайты бұғатталған.