Үкіметте Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың, энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың, көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың , сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Баспасөз мәслихаты барысында Роман Скляр Мемлекет басшысының өнеркәсіп, энергетика және көлік салаларына қатысты берген тапсырмаларын іске асыру аясындағы жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
Роман Склярдың сөзінше өнеркәсіпте жарты жыл ішінде өндіріс көлемі 28,9 трлн теңгені құрап, 6,5%-ға өсті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 13,7 трлн теңгеге өнім өндірді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 5,5%-ға жоғары. Өңдеуші сектордың елдің Жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі — 12,4%. Бұл өсім машина жасау (+11,1%), химия өнеркәсібі (+7%), құрылыс материалдарын өндіру (+8,6%) және азық-түлік өнімдері (+10%) көрсеткіштерінің артуы есебінен қамтамасыз етілген.
Биыл жалпы құны шамамен 1,5 трлн теңге болатын 190 жобаны іске қосу жоспарланған. Бүгінде оның 196 млрд теңге сомасына 47 жоба іске қосылып, 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Көлік инфрақұрылымын дамыту
Роман Скляр Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.
Оның айтуынша елімізде бірқатар ірі теміржол жобалары іске асырылуда. Мәселен, «Достық – Мойынты» және «Алматы қаласының айналма жолы» жобалары аяқталу сатысында. Келесі жылы «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал» жобалары аяқталады. Ал 2027 жылы «Бақты – Аягөз» жобасы іске қосылады.
«Жыл соңына дейін 175 жаңа жолаушылар вагонын сатып алу жоспарлануда. Әуе хабтарын дамыту және әуе жүктерінің көлемін арттыру мақсатында әуежай инфрақұрылымы жаңғыртылуда, кедендік рәсімдер жеңілдетілуде, цифрлық шешімдер енгізілуде. Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында әуежай құрылысы басталды. Автокөлік жолдары саласында 12 мың шақырым жол құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамтылған, оның 7 мың шақырым биылғы жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр», — деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Биыл 94 елді мекен газбен қамтамасыз етіліп, 300 мыңнан астам адам көгілдір отынға қол жеткізеді
Мемлекет басшысының елді мекендерді газдандыру деңгейін арттыру және еліміздің газ саласындағы әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау барысында ағымдағы жылы 60 млрд текше метрден астам газ өндіру, сондай-ақ стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық объектілерді іске қосу жоспарлануда.
Еліміздің мұнай-газ саласында бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша 7,6 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді, ал жылдық жоспар 14,8 млн тонна.
«Биыл 62 млрд текше метр газ өндіру жоспарланған. 94 елді мекен газбен қамтамасыз етіледі, 300 мыңнан астам адам көгілдір отынға қол жеткізеді. Қыркүйек айында ұзындығы 302 шақырым болатын «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбыры іске қосылады, бұл 60-тан астам елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сәуір айында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» Магистральдық газ құбыры екінші желісінің құрылысы басталды. Оны келесі жылдың соңына дейін пайдалануға берілу жоспарланып отыр», — деді бірінші вице-премьер.
Мұнай-газ химиясы саласында 6 айдың қорытындысы бойынша 380 мың тоннадан астам өнім өндірілді, бұл өткен жылдың деңгейінен 12,7%-ға артық.
Рекордтық көрсеткіш: биыл 19,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда
Мемлекет басшысының қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамту жөнінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында биыл тұрғын үй құрылысы саласында рекордты 19,2 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Алғашқы алты айдың қорытындысы бойынша 7,9 млн шаршы метр пайдалануға берілген.
Сонымен қатар энергетика саласында биылғы бірінші жартыжылдықта 62,2 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілді, бұл өткен жылдың деңгейінен 3,3%-ға жоғары. 2028 жылға қарай жалпы қуаттылығы шамамен 6700 МВт болатын жаңа генерация іске қосылады, оның ішінде биыл дәстүрлі және баламалы қуат көздері бойынша 620 МВт енгізіледі.
Ал Инвестициялық штаб жұмысы аясында жыл басынан бері жалпы құны шамамен 60 млрд долларды құрайтын 71 инвестициялық жоба қаралды. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа арқылы жүзеге асырылуда. Аталған платформада жалпы сомасы 77 трлн теңгеден асатын 1 106 жоба тіркелген.
«Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары қатаң бақылауда тұр», — деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр.
Жаңа Салық Кодексі құрылыс компаниясын бөлшектеу мәселесін шешеді – Роман Скляр
Жаңа Салық кодексінің қабылдануына байлапысты ірі құрылыс компаниялары бизнесті бөлшектеп, үлкен пайда табатын тәжірибе жойылатын болады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкіметте өткен баспасөз конференциясында айтты.
Ол жаңа Салық кодексі тұрғын үй сатып алу кезінде қарапайым азаматтарға әсер етпейтініне сендірді. Биыл 19 млн шаршы метрден астам құрылыс салынады.
«Бізде тұрғын үй құны нарықтық әдістермен реттеледі. Алайда, жеке құрылысшылардан тұрғын үй сатып алатын тапсырыс беруші ретінде мемлекеттің араласуы 10 жыл ішінде өзінің тиісті әсерін беріп келеді. Бізде тұрғын үй бағасы қатты қымбат емес. Мен «бизнес» немесе «элита» класс сегментін емес, эконом кластағы тұрғын үйді айтып отырмын. Оның бағасы өзіне лайық, Біз мұнда бағаның күрт өзгерістерге ұшырап жатқанын көріп отырған жоқпыз. Жаңа Салық кодексінің қабылдануына байланысты ірі құрылыс компаниялары бизнесті бөлшектеп, үлкен пайда табатын тәжірибе жойылатын болады», — деді Роман Скляр.
Вице-премьер тұрғын үй құны жобалау-сметалық құжаттамаға және аз қамтылған азаматтар үшін берілетін мемлекеттік тапсырысқа сәйкес, оның ішінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы немесе жұмыс істейтін жастарға арналған «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы шеңберінде реттелетінін айтты.
Қазақстан Шымкент МӨЗ-ін кеңейте отырып, ЖЖМ өндірісін ұлғайтуды жоспарлап отыр
Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақстанда жылына 85-90 млн тонна мұнай өндірілетінін хабарлады. Бұл ретте сұраныс ұсыныстан асып түседі. Бұл мәселені шешу үшін 2017-2019 жылдар аралығында үш қазақстандық мұнай өңдеу зауытын реконструкциялау сәтті аяқталды, бұл өндіріс көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік берді. Бұл 2019 жылға қарай бензин, дизель және авиакеросин тапшылығын тоқтатты.
Дегенмен, тұтынудың артуына байланысты авиакеросинді әлі де импорттауға тура келеді. Сонымен қатар көрші елдермен салыстырғанда Қазақстанда бензин мен дизель отынының төмен бағасы олардың заңды және контрабандалық жолдармен кетуіне әкеліп соғады, бұл ішкі тапшылықты тудырады.
«Өндірісті кеңейту жөніндегі жоспарларға келетін болсақ, Шымкент мұнай өңдеу зауытының екінші кезегін салу жоспарланып отыр, бұл Шымкенттегі мұнай өңдеу көлемін 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Павлодар және Атырау зауыттарындағы өнімділікті арттыру бойынша іс-шаралар бар», — деп атап өтті Роман Скляр.