What are you looking for?

Өзбек әншісі Ташкент – Мәскеу велошеруіне шықты

11.03.2025

Өзбекстандық веложиһанкез Хурсанд Шеров жеңістің 80 жылдығына арнап Ташкенттен Мәскеуге велосипедпен шықты , деп хабарлайды 24kz.

Ол 3800 шақырымды екі айда жүріп өтуі тиіс. Велосаяхатшы Шымкент, Тараз, Ақтөбе, Орал қалаларына аялдап, Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова сынды қазақ батырларының кіндік қаны тамған өлкелерге ат басын тіремек.

Дулат Нуркин, тілші:

- 66 жастағы опера әншісі Хурсанд Шеровтың велоспортқа келуінің өзі позитивке толы. Кезекті бір концертте ол жүрек талмасына шалдығып, құлап қалады. Дәрігерлер ауыр диагноз қояды. Ұзақ өмір сүруің екіталай дегендей болжам жасайды. Әнші жылдам есін жиып, достарының «спортқа кел» деген кеңесіне құлақ түреді. Алғашқы адымдаған 4-5 шақырым қазір мың есеге көбейіп, ел мен жерді саяхаттайтын деңгейге жетті. Хурсанд Шеров дәстүрден жаңылмай бүгін де Ташкенттегі Абай ескерткішінің алдына келіп, ұлы ойшылға құрмет көрсетті.

Хурсанд Шеров, веложиһанкез:

- Біздің велосаяхаттарымыз Ұлы Абай ескеркішінің жанынан басталады. Оның мәні өте зор. Осы жолы мен әйгілі әскери қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының туған жеріне ат басын тіреймін. Қазақ пен Өзбекке ортақ батыр Сабыр Рахымовтың кіндік қаны тамған аймақты басып өтем. Ақтөбеде қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлованың туған жеріне аялдаймын. Осылайша, мен ерлік жасаған барша батырларымызға тағзым жасап, құрметімді білдіргім келеді.

Веложиһанкезді жерлестері ерекше құрметтейді. Оның спорт арқылы ауыр дертті жеңіп, ел аралауы талай киноға арқау болатын дайын сценарий ма дерсің?!

Марух Усманов, Ташкент қаласының тұрғыны:

- Біздің жерлесіміз Хурсанд Шеров жеңістің 80 жылдығына арнап велошеру ұйымдастырып жатыр. Ташкенттен басталып, Қазақстан территориясы арқылы Мәскеуге барады. 9 мамырда Қызыл алаңда болады. Ол кісінің бұған дейін де велошерулері сәтті өтті. Біз Хурсандқа сенеміз.

3800 шақырым жолды веложиһанкез екі айдың ішінде жүріп өтуі тиіс. 9 мамырда қызыл алаңда өтетін әскери шеруге қатысуды жоспарлап отыр.

Social Link

Follow Me On Social Media