Алматыда қайғылы оқиға тіркелді. 14 жастағы жасөспірім көпқабатты тұрғын үйдің жоғары қабатынан құлап, көз жұмды , деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға Наурызбай ауданындағы «Шұғыла» шағынауданындағы жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінде болған.
«Аталған дерек бойынша Наурызбай аудандық полиция басқармасымен қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.
Алдын ала болжам бойынша, жасөспірім қайғылы қадамға ата-анасымен жанжалдасқаннан кейін барған болуы мүмкін. Тағы бір нұсқа – бұл абайсыздағы оқиға. Қазіргі таңда оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.
Айта кетейік, қыркүйек айы толық аяқталмай жатып, бұл – екінші осындай оқиға. Бұған дейін, 5 қыркүйекте, 17 жастағы мектеп оқушысының шатырдан секіріп, көз жұмғанын жазған еді. Ол кезде жасөспірімнің мұндай әрекетке баруына жеке мектептегі мұғалімдер мен басшылық тарапынан болған буллинг себеп болуы мүмкін екені айтылған.